Қазақтың тұңғыш антропологы, көрнекті ғалым, академик Оразақ Смағұлов өмірден озды, деп хабарлайды Alash.kz.
Қаралы хабарды Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы әлеуметтік желідегі парақшасында жеткізді:
«Қазақ ғылымы орны толмас қазаға ұшырады. Көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің Бас ғылыми қызметкері, қазақтың тұңғыш антропологы Оразақ Смағұлов дүниеден өтті», – деп жазды Берік Әбдіғалиұлы.
Оразақ Смағұлов бүкіл ғұмырын қазақ халқының антропологиялық тарихын, этногенезі мен тарихи сабақтастығын зерделеуге арнап, елімізде антропология ғылымының іргетасын қалады. Өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырған ұлағатты ұстаз бірнеше буын зерттеушілерге бағыт-бағдар беріп, ұлт тарихының ақтаңдақтарын ғылыми тұрғыдан тануға өлшеусіз үлес қосты.
Alash.kz редакциясы академиктің дүниеден өтуіне байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, шәкірттері мен әріптестеріне қайғыра көңіл айтады. Ғалымның есімі мен бай ғылыми мұрасы халқымыздың жадында мәңгі сақталып, болашақ зерттеушілерге қызмет ете бермек.
