Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Мәслихат төрағасының отбасын жертөлеге қамап, тонап кеткен»: Ақмола облысындағы оқиға туралы дерек шықты

«Мәслихат төрағасының отбасын жертөлеге қамап, тонап кеткен»: Ақмола облысындағы оқиға туралы дерек шықты

Ақмола облысында Астрахан аудандық мәслихатының төрағасы Мейрам Қожахметтің үйіне жасалған қарулы шабуылға қатысты сот үкімінің күші жойылып, қылмыстық іс қайта қарауға жіберілді, деп хабарлайды Alash.kz.

Мұндай шешімге Бас прокуратураның кассациялық наразылығы себеп болған. Еске салайық, өткен жылдың 15 шілдесінде белгісіз тұлғалар аудандық мәслихат төрағасының баспанасына баса-көктеп кіріп, ақша, бағалы зергерлік бұйымдар мен автокөлікті жымқырып кеткен еді. Бұған дейін аталған дерек бойынша үш ер адам «тонау» бабымен кінәлі деп танылып, сотталған болатын.

Алайда қадағалаушы орган қылмыскерлердің әрекетін жай ғана тонау емес, «қарақшылық» ретінде саралау қажет деп тапты. Ведомствоның мәліметінше, айыпталушылар түнгі уақытта бетперде киіп кіріп, жәбірленушілерге күш қолданған және атыс қаруымен қорқытқан:

«Ақмола облысындағы істердің бірінде үш ер адам тонау қылмысымен сотталған. Олар түнгі уақытта бетперде киіп, тұрғын үйге кіріп, жәбірленушілерге күш қолданып, аңшылық мылтықтың шолақ ұңғысымен қорқытып, ақша мен бағалы заттарды беруді талап еткен», – деп мәлімдеді Бас прокуратура.

Прокуратура өкілдерінің түсіндіруінше, бөтеннің мүлкін иемдену мақсатында адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндірумен ұштасқан шабуыл заң бойынша қарақшылыққа жатады. Оқ атылмағаны немесе қарудың жай-күйі туралы деректердің болмауы қылмыстың ауырлығын жеңілдетпейді:

 «Бас прокуратура сотталғандардың әрекеттерін тонау ретінде саралаудың дұрыс еместігіне назар аударып, кассациялық наразылық енгізді. Жәбірленушілер қарумен төндірілген қатерді шынайы әрі өмірі мен денсаулығына қауіпті деп қабылдаған. Бұл ретте атыстың не қарудың жай-күйі туралы мәліметтердің болмауы өздігінен қарақшылық белгілерін жоққа шығармайды», – делінген ресми ақпаратта.

Нәтижесінде кассациялық сот бұрынғы сот актілерінің күшін жойып, істі қайта қарауға жолдады. Бас прокуратура мұндай санаттағы қылмыстарға құқықтық баға беру барысында тек келген зиян ғана емес, шабуылдың жасалу тәсілі мен жәбірленушіге төнген қауіптің деңгейі де басты назарға алынатынын атап өтті:

«Тонау мен қарақшылықты ажырату кезінде тек іс жүзінде туындаған салдар ғана емес, шабуылдың сипаты, қолданылған күш пен жәбірленушіге төнген қатердің шынайылығы да ескеріледі», – деп толықтырды ведомство.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
Жарнама
Соңғы жаңалықтар