Херсон облысындағы Олешки қаласынан бейбіт тұрғындарды шығару операциясынан кейін Вашингтон Ресей мен Украина арасындағы гуманитарлық келісімдерді кеңейтуге кірісті, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп Fox News телеарнасына берген сұхбатында айтты. Ол уақытша атысты тоқтату режимінің нәтижесіне оң баға беріп, осы келісімнің арқасында қауіпті аумақтардағы тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге мүмкіндік туғанын атап өтті:
«Бұл өте жақсы нәтиже болды. Тараптар уақытша атысты тоқтатты. Қалалар мен елді мекендерден адамдар эвакуацияланды. Соның арқасында олардың өмірі сақталып қалған болуы мүмкін. Қазір біз бұдан да ауқымды келісімге қол жеткізу үшін жұмыс істеп жатырмыз», – деді Трамп.
АҚШ басшысының сөзінше, Мәскеу мен Киев арасындағы гуманитарлық келіссөздерге оның жұбайы Мелания Трамп та атсалысып жатыр. Бұған дейін АҚШ-тың бірінші ханымы атысты қайта тоқтату жөніндегі келіссөздердің жүріп жатқанын мәлімдеп, тараптардың Рождество мейрамына дейін ортақ келісімге келу ықтималдығын жеткізген еді. Сонымен қатар Мелания Трамп уақытша бітім аясында Олешки қаласынан 800-ге жуық тұрғынның, соның ішінде балалар мен егде жастағы адамдардың қауіпсіз аймаққа шығарылғанын хабарлаған болатын.
Дегенмен Дональд Трамп әзірге жаңа келісімнің нақты қандай аумақтарды қамтитынын, қанша уақытқа созылатынын және тараптардың соғыс қимылдарын тоқтату үшін қандай шарттарға дайын екенін ашып айтқан жоқ.