Қазақстандық танымал аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың әкесі Бақтыбай Рахманұлы Алпамысов өмірден өтті, деп хабарлайды Alash.kz.
Суыт хабарды спортшының қарындасы Сора Рахмонова әлеуметтік желідегі жеке парақшасында бөлісті. Жақындары берген мәліметке сүйенсек, марқұмның рухына бағышталған Құран асы 13 тамыз күні сағат 18:00-ге жоспарланған. Осыған орай Бақтыбай Рахманұлының етжақындары, туған-туыстары мен достары дұға бағыштауға шақырылды.
Осы ретте Сора Рахмонова: «Қатысуларыңыз – марқұмның рухына дұға, біздерге үлкен қолдау. Алла Тағала қабыл етсін! Әмин», – деп жазба қалдырды.
Бақтыбай Рахманұлы – халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап жүрген жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың әкесі. Шавкат Рахмонов кәсіпқой спорттағы жоғары шеберлігімен отандық әрі әлемдік жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленген спортшы.
Марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Бақилық болған азаматтың иманы саламат, жаны пейіште болсын.