Тойда музыка, әншілер және әйелдер туралы пікір айтып, қоғам талқысына түскен ақсақалдың қызы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады. Өзін Наргиза деп таныстырған әйел әкесінің әрекетіне қатысты істің жан-жақты әрі әділ қаралуын сұрады, деп жазды Alash.kz.
Наргизаның айтуынша, әкесі ешқашан радикалды көзқарасты ұстанбаған, экстремизмге немесе билікке бағынбауға шақырмаған. Сондай-ақ діни топ құрмаған және мемлекет пен қоғамға қарсы идеяларды насихаттамаған.
Оның сөзінше, әкесі тойға бірнеше күн қалғанда исламдағы музыкаға қатысты видео көріп, осы тақырыптағы пікірін туыстарымен бөліскісі келген. Сондықтан қарындасының тойында музыка мен әншілер туралы сөз қозғаған.
Наргиза әкесіне тойда мұндай тақырыпты қозғамауға кеңес бергенін, алайда оның «Мені кім тыңдайды дейсің?» деп жауап бергенін айтты.
Даулы сөздер айтылған отбасылық жиынға туыстарымен бірге әнші Роза Әлқожа да қатысқан. Ақсақалдың «Әншілер – шайтанның азаншысы» деген сөзіне ренжіген әнші оқиғаны әлеуметтік желіде жариялаған. Осыған байланысты Наргиза Роза Әлқожадан өзінің және әкесінің атынан кешірім сұрады.
Ақсақалдың қызы қоғамда қызу талқыға түскен «ұрғашылар» сөзіне де түсініктеме берді. Оның айтуынша, әкесі бұл сөзді қорлау мақсатында қолданбаған және оның қазіргі қоғамда жағымсыз қабылданатынын түсінбеген.
Наргиза әкесінің өмір бойы әйелдерге құрметпен қарағанын айтып, оны әйелдерді кемсітетін адам ретінде сипаттау шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Ол Президенттен істі қарау барысында әлеуметтік желіде тараған видеодағы бірнеше секундқа ғана сүйенбей, оқиғаның толық мән-жайын ескеруді сұрады.
«Әкемнің әрекетінен заңда көзделген негіздер болмаса, әлеуметтік, ұлттық немесе діни алауыздықты қоздыру белгілерін негізсіз іздеуге жол бермеуіңізді сұраймын», – деді ол.
Сонымен қатар Наргиза құзырлы органдардан ақсақалдың сөзіне ғана емес, видеоны таратып, оның ар-намысына тиетін сөздер айтқан адамдардың әрекетіне де құқықтық баға беруді сұрады.
Еске салайық, бұған дейін тойда сөз сөйлеген ер адамның музыка, әншілер және әйелдер туралы пікірі әлеуметтік желіде қызу талқыланған болатын. Осыдан кейін мемлекеттік органдар мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пікір білдіріп, полиция қылмыстық іс қозғаған. Кейін ақсақал қамауға алынған еді.