Украина Каспий құбыр консорциумының (КҚК) инфрақұрылымына бұдан былай соққы жасамауға уәде берді. Бұл шешім АҚШ-пен жүргізілген келіссөздерден кейін қабылданған. Бұл туралы Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап Alash.kz хабарлады.
Агенттік дереккөздерінің мәліметінше, Киев Қара теңізде Ресейге қатысы жоқ азаматтық кемелерге де шабуыл жасамауға келіскен. Алайда бұл үшін бірқатар шарт сақталуы тиіс.
Атап айтқанда, танкерлер мен олардың иелері Украина санкцияларына енбеуі, Ресей азаматтарына немесе компанияларына тиесілі болмауы, сондай-ақ ресейлік мұнай немесе өзге де ресейлік жүктерді тасымалдамауы қажет.
Коммерциялық тасымалдаушылар үшін Украина тарапы арнайы байланыс арналары мен тиісті нұсқаулықтар әзірлеген.
Келіссөздер шілде айында Новороссийск маңындағы КҚК теңіз терминалына дрондармен жасалған бірнеше шабуылдан кейін өткен. Сол кезде Қазақстан мұнайын тиеп жатқан бірнеше танкер зақымданып, өрт шыққан. Мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтап, бұл Қазақстан мұнай экспортының іркілуіне әсер еткен.
КҚК – Қазақстанның мұнай экспортындағы негізгі бағыттардың бірі. Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарынан өндірілетін мұнайдың басым бөлігі осы жүйе арқылы Новороссийск маңындағы теңіз терминалына жеткізіледі.
Айта кетейік, бұған дейін Украина тарапы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты тоқтатып, келіссөздерге қайта оралу туралы ұсынысын қолдаған болатын.