Елімізде педагог-ассистенттердің жалақысы оқу жүктемесінің сағат санымен емес, лауазымдық міндеттері мен белгіленген жұмыс уақыты режиміне қарай есептеледі, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі депутаттық сауалға берген ресми жауабында түсіндірді. Ведомствоның мәліметінше, педагог-ассистент пен пән мұғалімінің қызметі мен жауапкершілік деңгейі бірдей емес. Педагог-ассистент ерекше білім беруді қажет ететін білім алушыны сүйемелдеп, оның оқу үдерісіне бейімделуіне, дербестігін қалыптастыруға және мінез-құлқындағы қиындықтардың алдын алуға көмектеседі. Алайда ол пәндерді оқытпайды, сабақ өткізбейді және оқу бағдарламаларын өз бетінше іске асырмайды. Ал пән мұғалімі мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарға сай оқыту мен тәрбиелеуді жүзеге асырып, қысқа мерзімді және күнтізбелік-тақырыптық жоспарлар жасайды, бөлім мен тоқсан бойынша жиынтық бағалау тапсырмаларын әзірлеп, нәтижесіне талдау жүргізеді.
Осыған байланысты «Педагог мәртебесі туралы» заңда қарастырылған аптасына 16 сағаттық нормативтік оқу жүктемесі орта білім беру ұйымдарындағы пән мұғалімдеріне ғана қатысты қолданылады. Жұмыс көлемі оқу сағатымен өлшенбейтін педагогтердің еңбекақысы азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесінде бекітілген лауазымдық айлықақы негізінде есептеледі.
Қолданыстағы еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес, педагог-ассистенттерге негізгі айлықақыдан бөлек бірқатар қосымша және үстемеақы қарастырылған. Атап айтқанда, біліктілік санаты үшін лауазымдық айлықақының 30 пайызынан 50 пайызына дейін, ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс істегені үшін базалық лауазымдық айлықақының 40 пайызы мөлшерінде қосымша ақы, сондай-ақ ерекше еңбек жағдайлары үшін лауазымдық айлықақының 10 пайызы көлемінде үстемеақы төленеді.
Министрлік педагог-ассистенттердің жалақысын белгілеу кезінде оларда оқу жүктемесінің жоқтығын және ерекше білім беруді қажет ететін баланы сүйемелдеу ерекшеліктерін ескеру қажеттігін нақтылады.