Мәжілістің бұрынғы депутаты Бекболат Тілеухан журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевпентың тұсындағы түсініспеушіліктер мен саяси оқиғалар туралы айтып берді, деп хабарлайды Alash.kz.
Экс-депутаттың айтуынша, кезінде «Отан» партиясының атауына «Нұр» сөзінің қосылуы Нұрсұлтан Назарбаевтың төңірегіндегі жағымпаз тұлғалардың қолдан жасаған әрекеті болған. Сондай-ақ ол бұл атаудың өзгеруіне байланысты өзінің қарсылық білдіргенін бұрынғы президенттің де кезінде құлағдар болғанын атап өтті.
Естіді. Назарбаев менің көп нәрсемді кешірді ғой. Сол кезде «Оян, Намыстың» ісінің бәрі біздің жүргізіп жатқан саясатқа қайшы болды ғой. Бірақ, кешірді неге екенін білмеймін. Арамдық пен мансап үшін емес, шын жүрекпен жасап жүргенімді білді-ау. Кемеңгер адам ғой. Бірақ, оның орнында болсам, кешіремін бе? Кешірмеймін бе? Білмеймін.
2008 жылғы Қазақстан Халқы Ассамблеясының отырысындағы оғаш әрекеті туралы экс-саясаткер өз пікірін айтты.
Ойбай-ай! Әлі ұяламын… Ұят! Негізі сол дұрыс болған жоқ деп ойлаймын… Мүлде саясаткер істейтін нәрсе емес. Нұрсұлтан Әбішұлы бір сөз сөйледі қазақ тіліне байланысты. «Орыс тілінің кенжелеп қалғаны» деген сияқты. Сол кезде наразылығымды білдірейін дедім де… Депутаттар ортаңғы корпуста отырады ғой. Ол да Бейбітшілік және келісім сарайының ішінде. Наразылығымды білдіремін деп, тұрып, аяғымды тарп-тарп басып, кетіп қалдым. Назарбаев көрді. Соны да кешірді. Негізі, мейірімді адам еді…