Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Таразда алапат өрт: 100 тұрғын зардап шекті, 30 бала қауіпсіз жерге көшірілді

11:43, 01 қаңтар 2026

Тараз қаласында 31 желтоқсан күні кешкі сағат 22:18-де бес қабатты тұрғын үйде ірі өрт тіркелді. Алдын ала мәліметке сәйкес, өрт бесінші қабаттағы балконнан тұтанып, қысқа уақыт ішінде ғимараттың шатыр бөлігіне толық тараған, деп жазады Alash.KZ.

Оқиға орнына өрттің жоғары санаты бойынша төтенше жағдайлар қызметінің күштері мен техникалары жедел түрде жіберілді. Өрт сөндірушілер келген кезде тұрғын үйдің шатыры ашық жалынмен жанып жатқан.

Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күшімен үйден барлығы 100 адам эвакуацияланды, олардың 30-ы — балалар. Тұрғындар үшін алдымен өрт сөндіру автокөлігінің базасында, кейін жақын орналасқан мектеп ғимаратында уақытша жылыну пункті ұйымдастырылды. Бұл туралы Тараз қалалық ТЖБ бастығы Ербол Амиров мәлімдеді.

Өрт орнында Жамбыл облысы ТЖД басшылығының жетекшілігімен жедел штаб құрылды. Су үздіксіз жеткізіліп, үш жауынгерлік учаске жұмыс істеді. Өртті сөндіруге жеті су шашқыш оқпан пайдаланылды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері аумақты қоршауға алды.

Абырой болғанда, өрт салдарынан зардап шеккендер тіркелмеген. Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Жалынды сөндіруге 62 маман мен 22 бірлік техника жұмылдырылды.

ҚР ТЖМ мәліметінше, өрт 1 қаңтар күні сағат 00:13-те толықтай сөндірілген. Алдын ала есеп бойынша, өрт шамамен 900 шаршы метр аумақты қамтыған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар