Әлеуметтік желілерде әскери ант беру рәсімі кезінде басы айналып кеткен сарбаздың бейнежазбасы қайта тарап, көпшілік арасында түрлі пікір тудыруда, алайда Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің (ОКҚ) Дезинформациямен күрес орталығы бұл оқиғаның биыл емес, 2024 жылы Аягөз гарнизонында болғанын ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.
Құзырлы орталық өкілдері қазіргі уақытта желіде таратылып жатқан кадрлардың бүгінгі ахуалға еш қатысы жоқ екенін алға тартып, ескі деректерді орынсыз пайдаланудың қаупіне назар аударды:
«Таратылып жатқан бейнежазба қазіргі жағдайды көрсетпейді. Күні мен мән-жайын көрсетпестен архивтік кадрларды пайдалану пайдаланушыларды адастыруы және қоғамда негізсіз шиеленіс тудыруы мүмкін», — делінген Дезинформациямен күрес орталығының хабарламасында.
Өз кезегінде Қазақстанның Қорғаныс министрлігі де аталған жайтқа қатысты бұрын берілген ақпаратты еске салып, сол кезде сарбаздың денсаулығының сыр беруіне қатты қобалжу себеп болғанын нақтылады. Ведомство мәліметінше, әскери қызметшінің өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төнбеген және оған медициналық көмек дер кезінде әрі толық көлемде көрсетілген. Ал Дезинформациямен күрес орталығының дерегіне сүйенсек, бұл сарбаз өзінің белгіленген мерзімді әскери қызметін абыроймен өтеп, кейіннен запасқа шығарылған.
Осыған байланысты орталық мамандары блогерлер мен жаңалықтар пабликтерінің әкімшілеріне өз аудиториясы алдындағы жауапкершілікті еске салып, шындыққа жанаспайтын ақпаратты әдейі таратудың құқықтық салдарларға әкеп соғатынын ескертті.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде жеке тұлғалардың банктік депозиттері бойынша сыйақыларына салық енгізілетіні туралы да жалған ақпарат тараған болатын. Дезинформациямен күрес орталығы Қазақстан үкіметінің мұндай бастаманы қарастырып жатпағанын және салымдар бойынша пайыздардан бұрынғыша салық алынбайтынын хабарлаған еді.