Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Атбасар колониясындағы атышулы азаптау ісі: 12 қызметкерге үкім шықты

Атбасар колониясындағы атышулы азаптау ісі: 12 қызметкерге үкім шықты

Ақмола облысының Атбасар аудандық соты жұма күні түзеу мекемесіндегі сотталғандарды, соның ішінде белсенді Тимур Дәнебаевты ұрып-соғу ісі бойынша колонияның 12 бұрынғы қызметкеріне қатысты айыптау үкімін шығарды, деп хабарлайды Alash.kz .

Сот шешімімен 12 айыпталушының барлығы Қылмыстық кодекстің 362-бабы 1-бөлігі («Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану») бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысына 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Алайда рақымшылық заңы ескеріле отырып, тоғыз экс-қызметкерге пробациялық бақылау белгіленіп, түпкілікті жаза мерзімі 1 жыл бас бостандығын шектеуге дейін қысқартылды. Ал қалған үш айыпталушы тергеу изоляторында қамауда отырған уақытының есепке алынуына байланысты жазадан толық босатылды. Сонымен қатар сотталғандардың барлығы арнаулы әскери атақтарынан айырылып, оларға 3 жыл бойы құқық қорғау органдарында қызмет атқаруға тыйым салынды.

Бұдан бөлек, сот жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздарын ішінара қанағаттандыру туралы қаулы етті. Атап айтқанда, үш жәбірленушіге моральдық зиянды өтеу ретінде 1,5 миллион теңгеден, ал қалған 17 азаматқа 500 мың теңгеден 800 мың теңгеге дейінгі мөлшерде өтемақы тағайындалды. Бұл қаражатты сотталған 12 азаматтан ортақ тәртіппен өндіріп алу міндеттелді.

Айта кетейік, бұл резонанстық іс 2023 жылдың күзінде әлеуметтік желілерде тұтқын Тимур Дәнебаевты азаптау сәті түсірілген бейнежазба тараған соң басталған болатын. Осы жайттан кейін қылмыстық іс қозғалып, 11 қызметкер жұмыстан босатылған, сондай-ақ облыстық департамент пен колония басшылары лауазымдарынан шеттетілген еді.

Істің сотта қаралуы да ұзаққа созылып, бірнеше кезеңнен өтті. 2024 жылдың 31 шілдесінде басталған процесте 44 тұтқын жәбірленуші деп танылды. Мемлекеттік айыптаушы сотталушыларды бас бостандығынан айыруды сұрағанымен, 2025 жылдың 12 ақпанында алқабилер алқасы оларды толық ақтап шыққан. Бұл шешімге наразылық білдірген Дәнебаев бастаған бір топ сотталған аштық жариялап, прокуратура үкімге апелляциялық шағым түсірді. Нәтижесінде сәуір айында ақтау үкімінің күші жойылды. Алайда 2025 жылдың 24 желтоқсанында алқабилер бұрынғы қызметкерлерді екінші рет ақтап алған болатын. Кейіннен іс материалдарын зерделеу кезінде процессуалдық заң бұзушылықтар анықталып, 2026 жылдың 17 наурызында сот бұл үкімді де бұзды. Осылайша, Атбасар колониясының бұрынғы қызметкерлеріне қатысты іс үшінші мәрте қаралып, айыптау үкімімен аяқталды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар