Абай облысының құқық қорғау органдары үш жылдан астам уақыт бойы із-түзсіз жоғалғандар қатарында болған ер адамның өліміне қатысты қылмыстық істі тергеп аяқтап, айыптау қорытындысымен сотқа жолдады, деп хабарлайды Alash.kz.
Тергеу барысында анықталғандай, бұл қылмысқа қатысы бар күдікті осы оқиғадан кейін басқа қылмыстық іс бойынша сотталып, түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан азамат болып шықты. Полиция қызметкерлері оның аталған іске қатыстылығын қосымша тексеріп, бұлтартпас айғақтар жинақтаған. Нәтижесінде күдікті өз кінәсін толық мойындап, оқиғаның қалай өрбігенін баяндап берген, сондай-ақ марқұмның мәйіті жасырылған орынды көрсеткен.
Қайғылы оқиға 2023 жылдың қыркүйек айында басталған болатын. Сол кезде жұмыс істеу мақсатында үйінен шығып кеткен ер адам арада бір күн өткен соң телефон қоңыраулары мен хабарламаларға жауап бермей қойған. Күйеуінен хабар үзілгеніне алаңдаған жұбайы дереу полицияға жүгініп, іздестіру шаралары қолға алынған.
Бастапқы кезеңде тәртіп сақшылары жоғалған азаматтың қай бағытқа кеткенін бірден анықтай алмаған. Соған қарамастан, жедел-іздестіру жұмыстары бір сәтке де тоқтатылмай, тергеушілер түрлі нұсқаларды пысықтап, оның тағдырынан хабардар болуы мүмкін деген азаматтардан жауап алуды жалғастырған. Ақырында жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беріп, үш жылдан астам уақыт бойы ашылмай келген қылмыстың беті ашылды. Енді оқиғаның барлық мән-жайына құқықтық баға беріп, айыпталушыға қатысты түпкілікті үкімді сот шығарады.