Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Заң және тәртіп» қағидаты: Ғылым саласында 51 млрд теңге бұзушылық анықталды

«Заң және тәртіп» қағидаты: Ғылым саласында 51 млрд теңге бұзушылық анықталды

Жоғары аудиторлық палата ғылым саласында 51 миллиард теңгенің қаржылық заңбұзушылығын және тағы 47 миллиард теңге қаражаттың тиімсіз жоспарланып, жұмсалғанын әшкереледі, деп хабарлайды Alash.kz.

Аудит қорытындыларын ЖАП төрағасы Әлихан Смайылов 11 қараша күні өткен Құрылтай отырысында баяндады. Ал арада екі күн өткен соң, Үкімет қаулысымен 2025 жылдың маусымынан бері ғылым бағытына жетекшілік етіп келген Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова атқарып отырған лауазымынан босатылды. Дегенмен Үкімет кадрлық шешімнің ресми себебін жариялаған жоқ.

Тексеру нәтижелері жарияланған соң Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сын-ескертпелерге қатысты өз ұстанымын білдіріп, грант иегерлерінің жауапкершілігін қатаңдату қажеттігін алға тартты:

«Мен сынға қалыпты қараймын. Жабуды қажет ететін мәселелер бар, ғалымдардың жауапкершілігін қатаңдату керек. Ғалымдар да мұның гранттық қаржыландыру болғанымен, бюджет ақшасы екенін түсінуі тиіс», — деді Саясат Нұрбек Құрылтайда журналистерге берген жауабында.


Сонымен қатар министр анықталған 38 миллиард теңгені рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар деп бағалап, оларды жыл соңына дейін толық жоюға уәде берді. Оның мәліметінше, тікелей министрлік гранттарына шамамен 1 миллиард теңге көлеміндегі заңбұзушылықтар тиесілі және бұл қаражат бюджетке қайтарылған. Ал өзінің ықтимал отставкасы туралы сауалға ведомство басшысы мұндай шешімді ел басшылығы қабылдайтынын айтты.

Аудит 2021–2025 жылдар аралығындағы 241,9 миллиард теңге бюджет қаражатын қамтыған. ЖАП деректеріне сүйенсек, осы кезеңде зерттеулер мен әзірлемелерге жұмсалған ішкі шығындар 109,3 миллиардтан 261,5 миллиард теңгеге дейін еселеп өскенімен, ғылымның жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) үлесі небәрі 0,13 пайыздан 0,16 пайызға ғана жеткен. Шығындардың 81,5 пайызын мемлекет көтерсе, шетелдік инвестиция үлесі небәрі 0,3 пайызды құрайды. Әлихан Смайыловтың айтуынша, ғылымның нәтижелілігі тек мақала, патент және енгізу актісі секілді формальды көрсеткіштермен өлшенеді. Жоба есеп тапсырумен ғана шектеліп, оның әрі қарай тәжірибеде қолданылуын ешкім жүйелі түрде бақыламайды. Мәселен, іріктелген 60 патент бойынша аудиторлар оларды пайдалану туралы бірде-бір келісімшарт таппаған.

Әсіресе, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруды қаржыландыратын Ғылым қорының жұмысына қатысты сұрақтар көп. Қор жоспардағы 29 пайыздың орнына 43,6 пайыздық коммерцияландыру көрсеткішіне қол жеткіздік деп есеп берген. Алайда ЖАП есептеу кезінде өзара салыстыруға келмейтін деректер қолданылғанын анықтап, нақты көрсеткіштің бар болғаны 15,7 пайыз екенін дәлелдеді. Аудиторлар тексерген 31,5 миллиард теңгелік 141 аяқталған жобаның тек 38-і ғана соңғы үш жылда тұрақты сатылымға шыққан. Құны 22,5 миллиард теңге болатын қалған 103 жоба межеленген өндіріс пен сатылым көлеміне жете алмаған.

Бұдан бөлек, грант бөлетін ұлттық ғылыми кеңестерде мүдделер қақтығысының белгілері анықталды. Кеңестердің 225 мүшесінің 84-і жалпы құны 52,4 миллиард теңге болатын 127 жобаның зерттеу топтарына енсе, олардың 27-сі тікелей ғылыми жетекші ретінде тіркелген. Екі жоба аясында үлестес тұлғалардан 137,3 миллион теңгеге тауар сатып алынған, сондай-ақ сарапшылар бюджетін қысқартуды ұсынғанына қарамастан, 545 жобаға толық көлемде қаржы бөлінген.

Тексеру барысында жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) аударуға міндетті қаражатының мақсатсыз орналастырылғаны да белгілі болды. Атап айтқанда, Astana Hub түскен қаржының жартысынан астамын — 22,9 миллиард теңгені депозиттер мен бағалы қағаздарға салып, одан 12,8 миллиард теңге сыйақы тапқан, ал зерттеушілерге тиесілі қаражатты аударуды 215 күнге дейін кешіктірген. Дәл осылайша «Самғау» қоры да 10,2 миллиард теңгені депозиттерде ұстаған. Министр Саясат Нұрбек жобалардың үш жылға есептеліп, қаражаттың алдын ала резервтелетінін алға тартып, бұл әрекетті заңбұзушылық деп санамайтынын жеткізді.

Аудит қорытындысы бойынша анықталған 51 миллиард теңгенің 13 миллиарды ақшалай түрде бюджетке қайтарылуы тиіс. Бұл негізінен жер қойнауын пайдаланушылардың ҒЗТКЖ бойынша орындалмаған міндеттемелері: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі желісі бойынша 10 миллиард, Astana Hub алдында 2,4 миллиард және Энергетика министрлігі бағытында 600 миллион теңге. Қалған 38 миллиард теңге бухгалтерлік есепті түзету, тауар жеткізу немесе жұмыстарды атқару арқылы қалпына келтірілуге жатады — оның ішінде Ғылым комитеті 35,2 миллиард теңге зерттеу шығындарын күрделі шығындар санатына негізсіз жатқызған. Тексеру кезінде бюджетке шамамен 19 миллион теңге қайтарылды. Сонымен қатар ЖАП 36 дерек бойынша материалдарды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін уәкілетті органдарға, ал үш факт бойынша құқық қорғау органдарына жолдады.

Айта кетейік, ғылым саласы бұған дейін де аудиторлар назарына іліккен болатын. 2025 жылдың тамызында ЖАП салада 1,7 миллиард теңгелік қаржылық бұзушылық пен ондаған миллиард теңгенің тиімсіз игерілгенін тіркеген еді. 2026 жылдың ақпан-мамыр айларындағы қайталама аудит те дәл осындай жүйелі кемшіліктерді анықтады. Әлихан Смайыловтың сөзінше, бұған дейін берілген тапсырмалардың басым бөлігі орындалмай, саланы басқару тетіктері мен заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілмеген — қазіргі таңда алдыңғы тексеріс тапсырмаларының небәрі 55 пайызы ғана орындалған. Ендігі кезекте мемлекеттік органдардың нақты шешімдері ғылым саласында «Заң және тәртіп» қағидатының қаншалықты пәрменді жүзеге асатынын көрсетпек.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар