Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Ызбасарқызы Көбенова атқарып отырған лауазымынан босатылды, деп хабарлайды Alash.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ресми ақпаратқа сәйкес, тиісті шешім Үкімет қаулысы негізінде қабылданған:
— «Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Гүлзат Ызбасарқызы Көбенова Ғылым және жоғары білім вице-министрі қызметінен босатылды», — делінген Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Гүлзат Көбенова 1978 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. Жоғары білімді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті мен Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде алған.
Еңбек жолын жоғары оқу орнында оқытушылық қызметтен бастаған ол әр жылдары мемлекеттік басқару жүйесінде жауапты лауазымдарды атқарды. Атап айтқанда, Білім және ғылым министрлігінде, Президент Әкімшілігінде, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті кітапханасында және Ғылым және жоғары білім министрлігінде басшылық қызметтерде болған. Ал 2023–2025 жылдар аралығында Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетіне жетекшілік етті.