АҚШ, Ресей және Қытай мемлекеттерінің басшылары келесі аптада Қытайда өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) саммиті аясында алғаш рет үшжақты келіссөз өткізбек, деп хабарлайды Alash.kz.
Тарихи кездесудің басты күн тәртібінде жаһандық ядролық қауіпсіздік мәселелері тұр. Атап айтқанда, Дональд Трамп, Владимир Путин және Си Цзиньпин әлемдегі ядролық қару-жарақ көлемін қысқарту және оның одан әрі таралу қаупін тежеу жолдарын талқылауды жоспарлап отыр.
Өз кезегінде АҚШ президенті Дональд Трамп ядролық қарудың таралуын аса қауіпті үрдіс деп бағалайтынын мәлімдеді. Дегенмен ресми Вашингтон бұл үшжақты жүздесудің қорытындысы бойынша бірден жаңа құжатқа қол қойылып, нақты келісім жасалады деп күтіп отырған жоқ.
Сонымен қатар үш елдің көшбасшылары ядролық қаруды бақылау тақырыбынан бөлек, халықаралық деңгейдегі өзекті түйткілдердің бірі Иран төңірегіндегі ахуалды да өзара талқыламақ.