Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Артында үш баласы қалды»: Қарағанды облысында қыркүйекте жоғалған әйелдің мәйіті табылды (ВИДЕО)

«Артында үш баласы қалды»: Қарағанды облысында қыркүйекте жоғалған әйелдің мәйіті табылды (ВИДЕО)

Қарағанды облысында 13 қараша күні екі айға жуық уақыт бойы із-түзсіз жоғалғандар қатарында болған 38 жастағы Теміртау тұрғыны Ирина Керннің мәйіті табылып, оны өлтірді деген күдікпен 40 жастағы ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Alash.kz.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, марқұмның денесі Теміртау қаласынан 22 шақырым қашықтықта орналасқан аумақтан анықталған. Оқиға орнын тексеру барысында әйелдің зорлық-зомбылық белгілерімен көз жұмғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша адам өлтіру бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталып, құқық қорғау органдары қылмыстың барлық мән-жайын анықтауда.

Еске сала кетейік, Ирина Керн 19 қыркүйектен 20 қыркүйекке қараған түні із-түзсіз жоғалып кеткен болатын. Марқұмның әпкесі Анастасия Духованың айтуынша, сол түні Ирина азаматтық некедегі күйеуімен жанжалдасып қалған. Ол кезде үйде әйелдің ұлы және Ирина баспанасыз қалған соң паналатқан 19 жастағы жігіт те болған. Таңғы сағат алты шамасында балалар үй ішінің тынышталып, есіктің қатты жабылған дыбысын естіген, алайда оянған уақытта әйел үйден табылмаған. Оның қай бағытқа және қалай кеткенін ешкім байқамаған.

Бастапқыда туыстары әйелді өз күштерімен іздеп, таныстарынан сұрастырып, ықтимал орындарды тексеріп шыққан. Полицияға ресми арыз тек 2 қазан күні ғана түскен. Бұдан кейін ауқымды іздестіру шараларына тәртіп сақшылары, әскери қызметшілер, кинолог мамандар мен еріктілер жұмылдырылды. Ондаған адам тұрғын үйлердің маңайын, саяжай алқаптарын, қараусыз қалған ғимараттар мен орманды аймақтарды сүзіп шыққан, ал жақындары әлеуметтік желілер арқылы хабарландыру таратқан еді.

Жиһаз өндіретін компанияда дизайнер болып еңбек еткен Ирина Кернді туыстары мейірімді әрі айналасындағыларға әрдайым қол ұшын созуға дайын жан ретінде сипаттайды. Марқұмның артында үш баласы қалды. Тергеу жұмыстары жалғасуда.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар