Алматы қаласында шетелде жүріп интернет арқылы діни экстремистік идеологияны насихаттады деген күдікпен 44 жастағы ер адам қолға түсіп, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Alash.kz.
Ішкі істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, күдікті 11 қараша күні ұсталған. Тергеу мәліметтері бойынша, 2024 жылдан бері шетелде тұрақтаған азамат жабық Telegram арналары мен топтарын пайдаланып, радикалды көзқарастағы материалдарды таратқан және жүйелі түрде онлайн дәрістер ұйымдастырған. Аталған аудиодәрістерді бұған дейін сот ресми түрде экстремистік материалдар деп таныған болатын.
Сонымен қатар құқық қорғау органдары күдіктінің қаржылық әрекеттерін де әшкереледі. Анықталғандай, 2024–2025 жылдар аралығында ол өзінің онлайн дәрістерін тыңдаушы ізбасарларынан жалпы сомасы 60 миллион теңгеден астам ақшалай қаражат алған.
Қылмыстық істі тергеу шеңберінде полиция қызметкерлері Алматы қаласы мен Жамбыл облысының аумағында бірқатар тінту шараларын жүргізді. Тексеру нәтижесінде күдіктілерден діни мазмұндағы әдебиеттер мен экстремистік идеология белгілері бар қолжазбалар айғақ зат ретінде тәркіленді. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр.