Кувейтте 25 жастағы қазақстандық бортсерік Непалдан ұшып келген рейстен кейін белгісіз дертке шалдығып, ауыр халде медициналық мекемеге жатқызылды, ал Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі (СІМ) аталған жағдайды өз бақылауына алғанын ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.
Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, отандық дипломаттар науқастың жақындарымен және жергілікті дәрігерлермен үнемі байланыс орнатып, қажетті қолдау көрсетуде:
— «Кувейтте ауруханаға түскен қазақстандық азаматшаға қатысты келесіні хабарлаймыз. Қазақстандық дипломаттар азаматшаның туыстарымен және емдеуші медициналық мамандармен тұрақты байланыста. Тиісті консулдық-құқықтық көмек көрсетілуде. Бұл жағдай ҚР СІМ-нің бақылауында», — делінген ведомство таратқан ресми түсініктемеде.
Алдын ала деректерге сәйкес, әуе компаниясында бортсерік болып қызмет ететін 25 жастағы азаматшаның денсаулығы Непалдан Кувейтке бағыт алған әуе рейсінен соң сыр берген. Сол рейстен кейін экипаж құрамындағы барлық қызметкердің дене қызуы көтеріліп, басы ауырғаны анықталған. Алайда арада бір апта өткенде қазақстандық қыздың жағдайы күрт нашарлап, ол жансақтау бөліміне түскен.
Екі тәуліктен соң науқастың халі біршама тұрақталып, дәрігерлер оны стационардан шығарған болатын. Осыдан кейін ол тағы жеті күн бойы тамыр арқылы ем-дом қабылдаған. Бірақ емнің жетінші күні азаматшаның жағдайы қайта ауырлап, жадында күрделі өзгерістер байқалған — ол өзінің кім екенін және қай жерде жүргенін түсінбей, тіпті туған ата-анасын да тани алмай қалған. Осы кезде Қазақстанның Кувейттегі дипломаттары шұғыл араласып, отандасымыздың қайтадан ауруханаға орналастырылуына ықпал етті.
Қазіргі таңда жергілікті медицина мамандары науқаста жапон энцефалиті болуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Қазақстандық азаматша дәрігерлердің бақылауында ем қабылдауды жалғастыруда, дегенмен аурудың негізгі белгілері әлі де сақталған.