Атырау облысында бір отбасының жұмбақ күйде жоғалып кетуіне қатысты "Адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
"Іздеу жұмыстары республикалық деңгейде жүргізілуде. Медициналық мекемелер, оның ішінде жеке клиникалар да қоса тексерілуде. Із-түссіз жоғалған азаматтардың ұялы телефондары Қазақстан аумағында бірнеше рет қосылып-өшірілген, соңғы рет Шымкент қаласында тіркелген. Оларды іздеу үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, ішкі істер министрлігінің сарапшылары тартылған", – деді Атырау облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құттыбай Садықов.
Құттыбай Садықовтың мәлімдеуінше, екі немесе одан да көп адамның хабар-ошарсыз кетуі жағдайында қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы "Адам өлтіру" бойынша қаралады.
"Бұл азаматтар қайтыс болды дегенді білдірмейді; бұл тек істі тергеп-тексеру мүмкіндіктерін кеңейту үшін жасалды", - деп атап өтті ол.
Полиция тұрғындарды тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырады, өйткені жалған мәліметтер тергеу жұмыстарына кедергі келтіруі мүмкін.