Human Rights Watch халықаралық ұйымы Қазақстан билігін журналистерге қысым көрсетуді тоқтатуға шақырды, деп жазады Alash.KZ. Аталған үндеуге байланысты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ресми түсініктеме берді.
Министрдің айтуынша, Human Rights Watch мәлімдемесі елдегі нақты жағдайды толық ескермеуден туындаған. Оның сөзінше, соңғы уақытта кейбір қылмыстық істерге халықаралық назар аударту мақсатында азаптау фактілері туралы дәлелсіз ақпараттар әдейі таратылып отыр.
Аида Балаеваның атап өтуінше, қаралып жатқан істер бойынша жауапкершілікке тартылған азаматтардың арасында медиа саласының өкілдері де бар. Алайда бұл жағдайлар журналистік қызметпен емес, нақты құқықтық талаптармен байланысты.
Министр 2022 жылдан бері Қазақстанда медиа және ақпарат саласын жетілдіруге бағытталған жүйелі реформалар жүзеге асырылып жатқанын еске салды. Оның айтуынша, бұл өзгерістер журналистердің кәсіби мәртебесін арттыруға және олардың құқықтық қорғалуын күшейтуге бағытталған.
Соған қарамастан, ақпараттық кеңістікте журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарына «жүйелі қысым көрсетіліп жатыр» деген пікірлер жиілеген. Министрдің сөзінше, кейбір қылмыстық істердің фигуранттары мен олардың қорғаушылары тергеу барысында азаптау болғаны туралы мәлімдемелер жасап, қоғам мен халықаралық құқық қорғау ұйымдарын жаңсақ пікірге жетелеп отыр.
Аида Балаева адам құқықтарының бұзылуы жөніндегі кез келген айып нақты деректерге, дәлелдерге және заң талаптарына сүйенуі тиіс екенін атап өтті. Эмоцияға немесе қоғамдық назар аударуға бағытталған әрекеттерге жол берілмеуі керек екенін де қадап айтты.
Министр Қазақстанда сөз бостандығы мен БАҚ еркіндігі Конституцияда және халықаралық міндеттемелерде бекітілген негізгі құндылықтар екенін жеткізді. Дегенмен, оның айтуынша, сөз еркіндігі заң талаптарын елемеуге немесе жауапкершіліктен жалтаруға негіз бола алмайды.
«Қазақстанда ешкім кәсіби қызметі үшін қудалауға ұшырамайды. Тергеу және процессуалдық әрекеттерді сөз бостандығына қысым ретінде көрсету – қоғамдық пікірді әдейі бұрмалау. Бұл істер белгілі бір көзқарастарға немесе редакциялық саясатқа емес, жекелеген азаматтардың нақты құқықтық әрекеттеріне байланысты қаралып жатыр және уәкілетті органдар тарапынан заң шеңберінде тексерілуде», – деді министр.
Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігі өз құзыреті аясында журналистердің құқықтарын қорғауға, істердің әділ әрі ашық сотта қаралуына барлық қажетті жағдай жасауға дайын екенін мәлімдеді.
Осыған байланысты Аида Балаева халықаралық ұйымдарды, бұқаралық ақпарат құралдарын және қоғамды тергеу аяқталғанға дейін асығыс қорытынды жасамауға шақырды. Министр растаусыз ақпарат тарату мен тергеу органдарына қысым көрсету ел ішіндегі тұрақтылыққа кері әсер етуі мүмкін екенін ескертті.