Қазақстанның құжаттық және материалдық емес мәдени мұрасын ЮНЕСКО-ның беделді тізімдеріне енгізу жөніндегі Мемлекет басшысының бастамаларын іске асыру жұмыстары сәтті жалғасуда, деп хабарлайды Alash.kz.
Индонезияның Джакарта қаласында өткен Азия-Тынық мұхиты өңірлік комитетінің 11-ші отырысында еліміз үшін маңызды тарихи шешім қабылданды. Осы жаңалыққа қатысты Қазақстан Республикасының Вице-президенті Ерлан Қарин мынадай мәлімдеме жасады:
«Мемлекет басшысының Қазақстанның құжаттық және материалдық емес мәдени мұрасын ЮНЕСКО-ның беделді тізімдеріне енгізу жөніндегі бастамаларын іске асыру жұмысы жалғасуда. Индонезияның Джакарта қаласында өткен Азия-Тынық мұхиты өңірлік комитетінің 11-ші отырысында Қазақстан ұсынған «Есік жазуы» (Есік қорғанынан табылған күміс тостағандағы жазу) және «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының басылымдарға шыққан туындыларының топтамасы» деп аталатын екі номинациясын ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» (MOWCAP) бағдарламасының өңірлік тізіліміне енгізу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ желтоқсан айында Қытайдың Сямынь қаласында өтетін ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитетінің 21-ші сессиясы да маңызды оқиға болмақ», — деді Ерлан Қарин.
Халықаралық деңгейдегі ұйым сарапшыларының оң бағасын атап өткен Вице-президент өз сөзін былай деп түйіндеді:
«Аталған сессияда Қазақстанның қатысуымен әзірленген «Кесте өнері: біз кесте, бедел кесте» және «Дәстүрлі киіз басу: киіз басу» атты көпұлтты номинацияларды, сондай-ақ «Салбурын: тазы ертіп, бүркіт салатын атбегілер фестивалі» атты Қазақстан номинациясын Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізу туралы түпкілікті шешім қабылданады. Қазіргі уақытта ЮНЕСКО-ның бағалау органы аталған номинацияларды тізімге енгізу жөнінде оң қорытынды беріп отыр. Осылайша, ЮНЕСКО тізімдері ұлтымыз бен еліміздің тарихи-мәдени мұрасын танытатын жаңа қазақстандық номинациялармен толығуда», — деді Вице-президент.