Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Бұрынғы күйеулерінің қолынан қаза тапты" - Ақтөбеде бір аптада екі әйел көз жұмды

21:10, 06 қараша 2026

Ақтөбеде әйелдерге қатысты қатыгез қылмыстар қоғамды дүр сілкіндірді. 6 қарашаға қараған түні 26 жастағы әйел өз үйінде қаза тапты. Оны өлтірді деген күдікпен 31 жастағы бұрынғы күйеуі ұсталды. Марқұмның артында төрт жастағы қызы қалды. Ең сорақысы, бұл – соңғы бірнеше күнде қалада тіркелген әйел өліміне қатысты екінші қайғылы оқиға, деп жазады Alash.kz

Қайғылы жағдай Ақтөбедегі Есет батыр тұрғын алабында болған. Көпқабатты үйлердің біріндегі пәтерде 26 жастағы әйелдің мәйіті табылған. Қылмыс жасады деген күдікпен марқұмның 31 жастағы бұрынғы күйеуі қолға түсті.

Полицияның мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Алдын ала болжам бойынша, қайғылы оқиға бұрынғы ерлі-зайыптының арасындағы тұрмыстық жанжалдан кейін болған. Алайда полицияның хабарлауынша, бұған дейін олардың арасындағы жанжалдарға байланысты ешқандай арыз-шағым немесе хабарлама тіркелмеген.

«Күдікті анықталып, ұсталды. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыс бұрынғы ерлі-зайыпты арасындағы тұрмыстық жанжал салдарынан жасалған. Бұған дейін полицияға тұрмыстық жанжалдарға қатысты ешқандай арыз-шағым, өтініш немесе хабарлама түспеген», – деп мәлімдеді Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жас әйелдің қазасы оның жақындары мен таныстарын есеңгіретіп тастады. Марқұмның туысы, жергілікті журналист Жанар Қожанова әлеуметтік желідегі парақшасында оған арнап жүрек тебірентерлік жазба жариялады.

«Сені енді құшақтай алмаймыз, даусыңды ести алмаймыз, бірге күле алмаймыз. Сенің орныңды ешкім толтыра алмайды. Артыңда қалған жақындарыңның жүрегінде мәңгілік сағыныш қалды…» – деп жазды ол.

Қанды оқиға болған пәтерге мөр басылған. Ал марқұммен бір үйде тұрған көршілері әлі күнге дейін болған жағдайға сене алмай отыр.

Көршісі Мейрамгүл Жүсіпованың айтуынша, марқұм осы үйге шамамен бір жыл бұрын анасымен және қызымен бірге көшіп келген. Оның сөзінше, жас келіншек айналасына әрдайым жылы қабақ танытып, адамдармен жақсы қарым-қатынаста болған.

«Ол өте жақсы адам еді. Біз оны қызымен және анасымен бірге көретінбіз. Ал күйеуін мүлде танымайтынбыз. Әрдайым ақжарқын, тәрбиелі болатын. Бір-екі рет балаларымды уақытша оған қалдырып, қарап беруін сұрағанмын», – дейді көршісі.

Өкінішке қарай, Ақтөбеде әйел өліміне қатысты осындай қайғылы жағдай алғаш рет болып отырған жоқ. 3 қарашада қаланың Неке сарайында тағы бір 26 жастағы әйел кісі қолынан қаза тапқан еді.

Полицияның алдын ала мәліметінше, бұл қылмысқа марқұмның бұрынғы азаматтық некедегі жолдасы күдікті ретінде қарастырылған. Алдын ала болжам бойынша, екеуінің арасында ата-ана құқығынан бас тарту мәселесіне байланысты жанжал туындаған.

Осылайша, санаулы күннің ішінде Ақтөбеде екі жас әйелдің өмірі қиылып, артында балалары қалды. Қатарынан болған қайғылы оқиғалар қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасылық жанжалдарға дер кезінде назар аудару және әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар