Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Тірі қалғандарың өкінішті»: Қазақстанда болған ашаршылықты қорлаған әйел айыппұл арқалады

20:28, 06 қараша 2026

1930-1933 жылдардағы қазақ халқының басынан өткен алапат ашаршылыққа қатысты «Жаль, что вы выжили» («Тірі қалғандарың өкінішті») деп жазған әйелдің кім екені анықталды. Қоғамның ашу-ызасын тудырған пікірдің авторы Қостанай облысының Рудный қаласында тұратын 44 жастағы әйел болып шықты. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен айыппұл төледі, деп хабарлайды Alash.kz

Қазақ халқының жадында мәңгілік жара болып қалған ашаршылықты келемеждеп, тірі қалған ұрпаққа тіл тигізу әлеуметтік желіде үлкен наразылық туғызды. Threads платформасында жарияланған бір ауыз сөз мыңдаған адамның ашу-ызасын тудырып, желі қолданушылары пікір авторын заң алдында жауап беруге шақырды.

Әңгіме 1930-1933 жылдары қазақ даласын жайлаған ашаршылық туралы болып отыр. Сол бір зұлмат жылдары миллиондаған адам аштықтан қырылып, тұтас әулеттер жойылып, аман қалған халықтың тағдыры тәлкекке түскен еді. Осындай тарихи қасіретке қатысты айтылған қорлайтын сөз қоғамның төзімін тауысты.

Осы жағдайға байланысты редакция Қостанай облыстық полиция департаментіне ресми сауал жолдаған.

Полиция мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында заң талаптарына қайшы жазба анықталған. Тексеру нәтижесінде арандатушы пікірдің авторы Рудный қаласының 44 жастағы тұрғыны екені белгілі болған.

«Құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен айыппұл салынды. Полиция азаматтарға интернет кеңістігінде де Қазақстан заңнамасын сақтау қажеттігін ескертеді. "Заң мен тәртіп" қағидаты баршаға ортақ», – деп мәлімдеді Қостанай облыстық полиция департаменті.

Дегенмен тәртіп сақшылары әйелдің нақты қай бап бойынша жауапқа тартылғанын және оған қанша мөлшерде айыппұл салынғанын жарияламады.

Ал блогер Диас Құзайыр бұл мәселеге бейжай қарамай, құқық қорғау органдарына ресми арыз түсіргенін мәлімдеді. Ол пікір авторының әрекетін Қылмыстық кодекстің 174-бабы – ұлттық, әлеуметтік және өзге де алауыздықты қоздыру бабы бойынша саралауды сұраған.

Бұқаралық ақпарат құралдарында дау тудырған пікірдің авторы Инна есімді әйел болуы мүмкін деген ақпарат тарады. Сондай-ақ оның әлеуметтік желідегі парақшаларын өшіріп тастағаны айтылып жүр.

Айта кетейік, бұл Қазақстанда әлеуметтік желідегі ұлтаралық және тілдік сипаттағы өрескел пікірлер үшін жауапкершілікке тартылған алғашқы жағдай емес. Бұған дейін Алматыда қазақ тілінде жазба жариялаған азаматты балағаттаған әйел де заң алдында жауап берген болатын.

Қоғамда бұл оқиғаға қатысты бір пікір айқын көрінді: тарихи қасіретті қорлау – жай ғана әлеуметтік желідегі сөз емес. Ашаршылық құрбандарының тағдыры мен олардың ұрпағының намысы құрметке лайық. Тарихты келемеждеу қоғамның ауыр жарасын қайта тырнаумен тең.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар