Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Келісіп алған… Баламның аруағы тынышталса…»: Жатақханада қаза тапқан студенттің анасы жанайқайын айтты

15:24, 06 қараша 2026

Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінің жатақханасында төртінші қабаттан құлап, 42 күн бойы жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатып қайтыс болған 16 жастағы Нұрбақыт Бақыттың өліміне қатысты іс сотқа жетті, деп хабарлайды Alash.kz.

Қайғылы оқиға биыл сәуір айының аяғында орын алған. Тергеу нұсқасы бойынша, төртінші курс студенті, 21 жастағы Мәди Сүгербай түнде есіктері жабық жатақханадан 16 жастағы Нұрбақытты терезе арқылы дүкенге жұмсамақ болған. Ол үш студенттің арасынан Нұрбақытты таңдап, пәтердегі бес көрпеден жасалған арқанмен төмен түсіруді көздегенімен, жасөспірім үшінші және төртінші қабаттың аралығында төменге құлап кеткен.  

Суыт хабарды естіп Қызылордадан Ақтөбеге жеткен марқұмның анасы Күлайым Колова бастапқыда полиция бұл істі тез арада жауып тастағанын айтады. Бұл туралы анасы өз сөзінде былай деп жазды:  

«Баламның жағдайын көрдім. Комада жатыр. Жылап, не болғанын білу үшін сол күні бірден жатақханаға, мұғалімдеріне бардым. Бәрі «өзі құлап кетті, тамақ іздеп шықты» деп келісіп алған. Қасындағы балалар да полицияға солай айтқан. Сосын балам өзіне қол салды деп істі бірден жауып тастапты», — деп еске алды Күлайым Колова.  

Жасөспірім 42 күн бойы комада жатып көз жұмғаннан кейін ғана қылмыстық іс қайта тіркеліп, күдікті ретінде Мәди Сүгербай анықталды. Қазір бұл істі Ақтөбе қалалық соты ашық режимде қарап жатыр. Айыпталушыға «қауіпті жағдайда қалдыру» және «абайсызда қазаға ұшырату» баптары бойынша айып тағылғанымен, ол өзіне тағылған айыпты мойындаудан бас тартты.  

Ал Нұрбақыттың анасы соттан әділдік пен айыпталушының ең ауыр жазаға кесілуін талап етіп отыр. Бұл жөнінде марқұмның анасы өз сөзін төмендегіше түйіндеді:  

«Мен де анамын ғой. Оның да анасы бар. Егер балам тірі қалғанда, тіпті мүгедек болып қалса да, кешірер едім. Бірақ менің балам жердің астында жатыр. Мен бұған қарап отыра алмаймын. Маған сол 6 жылды берсе екен деймін. 2 жыл деген не? Рақымшылықпен де шығып кетуі мүмкін. Ең құрығанда баламның аруағы, менің жүрегім тынышталса деймін. Жазасын алсын. Мен баратын жердің бәріне барамын», — деп ашынды Күлайым Колова.  

Тергеушінің мәліметінше, айыпталушы 2 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Іс бойынша келесі сот отырысы 9 қарашаға белгіленді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар