Белгілі режиссер Ақан Сатаев денсаулығының сыр беруіне байланысты Атырау қаласындағы кардиологиялық орталыққа жатқызылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Режиссер Маңғыстау облысында Төремұрат батырдың ерлігі мен өміріне арналған «Қан мен серт» тарихи кинокартинасының түсірілім жұмыстарын жүргізіп жатқан болатын. Табиғи әрі тарихи орындарда таспаланып жатқан туындыға Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, белгілі актерлер Дінмұхамед Ахимов пен Болат Әбділманов қатысуда.
Өнер иесі денсаулығына қатысты жайтты әлеуметтік желідегі жеке парақшасында растап, өзіне жедел көмек көрсеткен медицина орталығының басшылығы мен ұжымына кәсіби біліктілігі мен қамқорлығы үшін алғыс айтты. Сондай-ақ ол жағдайы тұрақталған бойда жұмысына қайта оралатынын жеткізді. Бұл туралы режиссер өз жазбасында былай деп атап өтті:
«Қазір мен Атырау қаласындағы кардио орталықта жатырмын. Себебін кейінірек айтармын. Ең бастысы – жақын арада бұл центрден шығып, «Қан мен серт» фильміміздің түсірілім алаңына қайта ораламын. Аллаға шүкір!
Осы орайда, осы тамаша кардиология орталығының барлық дәрігерлеріне, қызметкерлеріне және басшылығына жоғары кәсібиліктеріңіз бен науқастарға деген ерекше қамқорлықтарыңыз үшін шын жүректен алғыс айтқым келеді!», — деп жазды Ақан Сатаев.