Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Осы жерде тұр!»: Елена Рыбакинаның турнир кезіндегі жанжалы желіде тарады

11:46, 07 қараша 2026

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакинаның WTA Жылдың қорытынды турниріне дайындық барысында бапкері Стефано Вуковпен эмоционалды диалогы тікелей эфирге түсіп қалып, әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Alash.kz.

Дайындық жаттығуы кезінде камералар спортшының хорватиялық маманға шорт кесіп сөйлеген сәтін жазып алған. Ағылшын тілінде сөйлескен теннисші бапкеріне «Осы жерде тұр, мен сенімен сөйлесіп тұрмын» деген болатын. Одан бөлек, бапкердің спортшыға сағат ұсынған сәтінде Рыбакинаның оны орындыққа қарай эмоционалды түрде лақтырып жібергені де кадрға іліккен.

Бұл видео желіде тарап, жанкүйерлерді екіге бөлді. Кейбіреулер екеуінің арасындағы шиеленіске назар аударса, басқалары мұндай жұмыс барысындағы сәттер көпшілікке көрсетілмеуі тиіс екенін алға тартты. Tiempo De Tenis теннис аккаунтының мәліметінше, бұл жердегі негізгі мәселе спортшының мінезінде емес, жаттығу кезінде микрофондардың қосулы болуында. Авторлар спортшылардың жеке әңгімелерінің эфирге шыққанына көңілі толмайтынын атап өтті.

Бұған ұқсас жағдай бұрын америкалық теннисші Джессика Пегуланың да басынан өткен еді. Оның Мирра Андреевамен жаттығуы кезіндегі эмоционалды сөздері тарап кетіп, кейін WTA бұл жазбаны өшіріп тастаған болатын.

Айта кетейік, Елена Рыбакина мен Стефано Вуковтың қарым-қатынасы бұған дейін де бірнеше мәрте сөз болған. Бұрын жаттықтырушы спортшыға қатал қарады деген айыппен уақытша шеттетілген еді. Қазіргі оқиға бұл жұптың өзара қарым-қатынасына қайта назар аударып, жарыс кезінде жеке әңгімелерді трансляциялаудың дұрыс-бұрыстығы туралы мәселені қайта көтерді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар