Ақтау – Қаламқас тасжолының 170–171-шақырымында орын алған қайғылы жол-көлік оқиғасы салдарынан «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкері оқиға орнында қаза тапты, деп хабарлайды Alash.kz.
Сағат 11:30 шамасында орын алған апат кезінде Қаражанбас кен орнына қарай бағыт алып бара жатқан Daewoo маркалы вахталық автобусы аялдама маңында жолды өтіп бара жатқан мұнайшыны қағып кеткен. Алған ауыр жарақаттарының салдарынан ер адам жедел жәрдем жеткенше көз жұмды. Бұл қайғылы жайтты «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының өкілдері ресми түрде растады.
Аталған оқиға бойынша құзырлы органдар дербес тексеру жұмыстарын бастап кетті. Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі апатқа қатысты мынадай ресми мәлімдеме жасады:
«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Автобус арнайы тұраққа қойылды.
Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», — деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Айта кетейік, өңірдегі Ақтау мен кен орындарын жалғайтын тасжолдарда вахталық көліктердің қатысуымен бұған дейін де жол апаттары тіркелген болатын. Алдыңғы жылы, яғни 2024 жылдың қарашасында Қаражанбас – Ақтау бағытында келе жатқан мұнайшылар автобусы жылқымен соқтығысып, бірнеше жұмысшы түрлі жарақат алған еді. Сол кезде зардап шеккендердің бірі екі аяғы бірдей сынған ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген болатын.