Атыраудағы «Бином» мектебінде бір сынып төмен оқитын оқушы қызға шабуыл жасап, оны пышақтап тастаған 9-сынып оқушысы 15 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Биыл наурыз айында болған бұл ауыр қылмысқа байланысты алқа билердің қатысуымен өткен сот процесі жабық түрде өтті.
Бүгінгі сот отырысында судья Зарема Хамидуллина қылмыстық іске қатысты үкімді оқып, жасөспірімнің бұл әрекетті алдын ала мұқият жоспарлағанын мәлімдеді. Судьяның айтуынша, күдікті сол күні мектепке бір емес, үш пыпық, балға және балтамен қаруланып келген. Кіші сыныптардың сабағы кезінде мектепті бір жарым сағат бойы кезіп, әлсіз құрбан іздеген ол алаңсыз кетіп бара жатқан бір топ оқушының арасындағы қыздың желке тұсына алты рет пышақ сұққан.
Сотталушының жеке күнделіктері мен физика дәптерінен адам шошытарлық жазбалар табылған. Ол қоғамды жек көретінін, тіпті өз ата-анасын да өлтіруге әрекет жасағанын ашық жазған. Бұл ретте судья сотталушының жазбаларын мынадай сөздермен жеткізді:
«Шетел азаматтары балабақшаға, мектепке, оқу орындарына терроризм актісін жасап, 32 оқушыны, 27 оқушыны өлтірген адамдар. Мұрат Мұхамбеттің физика дәптерінде «Кеше мен, өкінішке орай, сәтсіздікке ұшырадым. Кеше мен отбасымды өлтіруге әрекет жасадым. Бірақ оны жүзеге асыра алмадым. Осы жағдайға байланысты терең өкінішті сезінемін. Бүгін менің соңғы күнім және де тағы да қайталап көруге тырысамын» деген жазба анықталды», — деді судья Зарема Хамидуллина.
Сот барысында 16 жастағы жасөспірім өзіне қатысты мектеп тарапынан буллинг болғанын алға тартып, ақталуға тырысқан. Алайда алқа билер бұл жәйт оның ауыр қылмыстық әрекетін ақтамайды деген шешімге келді. Сондай-ақ тергеу барысында оның әлеуметтік желіге тәуелді болғаны, қатыгездікті насихаттайтын және теріс діни ағымдарға қатысты интернет-ресурстарды қарағаны анықталды. Дегенмен, өткізілген медициналық сараптама нәтижесінде жасөспірімнің психикасында ешқандай ауытқу жоқ екені дәлелденді.
Осыған байланысты сотталушының әрекетіне интернет пен ашық ақпарат көздерінің теріс ықпалы болғанын атап өткен судья Оқу-ағарту министрлігіне оқушылардың қауіпсіздігі мен мінез-құлқын қадағалау мәселесі бойынша жеке қаулы шығарды.