Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Қызы жетім қалды»: Ақтөбеде тағы бір ер адам бұрынғы әйелін өлтіріп кетті (ВИДЕО)

15:53, 06 қараша 2026

Ақтөбеде 5 қараша күні ер адам бұрынғы әйелін өлтіріп кетті, деп хабарлайды Alash.kz.

Бұл қайғылы оқиға туралы алғаш болып әлеуметтік желіде марқұмның сіңлісі хабарлап, жүрек тебірентерлік жазба қалдырды. Оның айтуынша, бұрынғы ерлі-зайыптылардың ортақ бір кішкентай қызы болған. Марқұмның сіңлісі өз жазбасында былай деп ашынды:

«Кеше түнде Ақтөбеде менің әпкемді бұрынғы күйеуі өлтіріп кетті. Екеуінің ортақ баласы бар еді. Еркектер сендерге не болған? Жап-жас қызды қорлап өлтіріп тастады, өзі түрмеге кетті, кішкентай қызы жетім қалды», — деп жазды марқұмның сіңлісі.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті аталған қылмыстың болғанын растап, дерек бойынша бірден қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықталып, ол полиция қызметкерлерімен ұсталды. Істің мән-жайы туралы Ақтөбе облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әсет Қалиев төмендегідей ресми түсініктеме берді:

«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыс бұрынғы ерлі-зайыптылар арасында тұрмыстық жанжал салдарынан болған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», — деді Әсет Қалиев.

Сондай-ақ ведомство өкілдері осыған дейін полицияға бұл азаматтардың арасында тұрмыстық жанжалдар орын алғаны туралы ешқандай арыз-шағымдар мен хабарламалардың түспегенін атап өтті.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар