Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Денесі құрысып қалған»: Алматылық 14 жасар баланың мезгілсіз өліміне кім кінәлі?

13:28, 07 қараша 2026

Алматыдағы №37 қалалық емханада антибиотикке сынама жасалғаннан кейін ауыр халге түскен 14 жастағы Максим есімді жасөспірім Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында бір аптадан соң қайтыс болды, деп хабарлайды Alash.kz.

Тамыз айының басында сырқаттанып, лимфа түйіндері ұлғайған жасөспірім дәрігерлер тағайындаған емдік курстардан нәтиже көрмеген соң, ата-анасы оны 21 қазанда емханаға алып барған. Сол жерде инфекционист дәрігер антибиотик тағайындап, оны енгізер алдында сынама жасауды ескерткен. Алайда препаратты бұлшықетке енгізгеннен кейін баланың денсаулығы күрт нашарлап, жүрегі айнып, бүкіл денесі ауырып, есінен танып құрыса бастаған. Дәрігерлер баланы жасанды тыныс алу аппаратына қосқанымен, өмірін сақтап қала алмады.

Марқұмның анасы Мария Кубарева емханадағы сол сәттегі медицина қызметкерлерінің әрекетін мынадай сөздермен жеткізді:

«Медицина қызметкерлері ұлымның жағдайы нашарлаған соң оған көмек көрсетуге тырысты. Дәрігерлер шұғыл әрекет етіп, балама нашатырь спиртін иіскетті», — деді жасөспірімнің анасы Мария Кубарева.

Болған жайттың мән-жайын анықтауды талап еткен ата-анасы полицияға арызданып, препараттың мөлшері, сынаманың дұрыстығы және көрсетілген алғашқы көмектің сапасын тексеруді сұрады. Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тексеру аяқталған соң ресми ақпарат берілетінін хабарлады.

Сонымен қатар аталған іске қатысты Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек бұл жайт бойынша тергеу басқармасы арнайы қылмыстық іс қозғағанын растап, мынадай ресми мәлімдеме жасады:

«Аталған факті бойынша полицияның тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта қажетті сараптамалар тағайындалды. Тергеу қорытындысы бойынша іс аясында тиісті процессуалдық шешім қабылданады», — деп хабарлады Салтанат Әзірбек.

Қазіргі уақытта жасөспірімнің өліміне нақты не себеп болғаны сараптамалар нәтижесінен кейін белгілі болады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар