Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Қатерлі дерт иектеген соң… Өз өсиетін айтып кетті”: Бекжан Тұрыс марқұм Нұрлан Сегізбаевке әсерлі жазба арнады

16:10, 29 желтоқсан 2025

Белгілі актер Бекжан Тұрыс актер, сценарист әрі кинодраматург Нұрлан Сегізбаевтың қайтыс болуына байланысты әсерлі жазба жариялап, марқұмның жарқын бейнесін еске алды, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.

“Менің атым Қожа” фильміндегі Қожа ролін сомдаған Нұрлан аға Санжарұлы Сегізбаев дүниеден өтті дегенді естігенде балалықтың бір бөлшегі үнсіз ғана мәңгілікке көшіп бара жатқандай әсер етті. Сөйте тұра ол біздің жүрегімізде Қожа бейнесімен  өмір сүре береді… 

“Менің атым Қожа”  жай кино емес, ол – біздің балалығымыз. Ал сол балалыққа жан бітірген Нұрлан аға еді. Біз ол кісіні көргенде ауылдың иісі сезіліп, мектеп қоңырауының сыңғыры еске түсетін. Анамыздың  ұрсатыны, мұғалімімізді ренжітетініміз, бала күнгі ұялшақ армандарымыз – бәрі Қожа арқылы санамызда жаңғырады.

Қожадағы аңғалдық, тазалық, тентектік бәрімізден табылды. Қиялдадық, армандадық. Қожа болып Жанарларды ұнаттық, Жантастарды жаратпадық. Нұрлан ағаның Қожасы осы кино арқылы халық жадынан өшпейтін бейнеге айналды.

…Оның екінші ғұмыры басталды. Қатерлі дерт иектеген соң ұзаққа бармайтынын сезді ме, өз өсиетін айтып кеткен екен. Құдай-шебер ғой  бір адамды сан қырлы талант иесі етіп жаратады. Оның жазушылығын қазақтілді аудитория онша біле бермейді екенбіз. Нұрлан аға – орыс тілінде жарық көрген бірнеше кітаптың авторы. Ағаны өсиеті бойынша Жазушылар одағынан шығарды. Тура бүгін – халықаралық кино күні жамбасы жерге тиді,  “Кеңсай-1”-ге, анасының қасына жерленді… 

Ұлт жүрегінен орын алған сүйікті Қожа-Нұрланмен қоштасу қай жерде өтетіні жан-жақты хабарланса, қалың қазақ жиналар еді-ау… Жасырып қайтем,  әншейінде киноларға, сериалдарға түсіп жататын, өзін актер санайтын іні-қарындастардың мұндайда қарасы көрінбегені жүректі мұздатты, жанды жаралады, көңілге мұң ұялатты.

Нұрлан аға енді біздің естелігімізде өзіне ғана жарасатын әдемі күлкісі мен жүректен шыққан шынайы бейнесі арқылы жасай береді. Қош, аға! Тәніңіз азаптан құтылды, жаныңыз жұмақтан орын алғай!”,- деп жазды Бекжан Тұрыс.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар