Аты аңызға айналған «Менің атым Қожа» фильмінде басты рөлді сомдаған танымал актер, сценарист әрі кинодраматург Нұрлан Сегізбаев (Нұрлан Санжарұлы) өмірден озды, деп хабарлайды Alash.kz.
Нұрлан Санжарұлы Сегізбаев - қазақ киносының тарихында алтын әріппен жазылып қалған актер, сценарист және кинодраматург. 1951 жылы Алматыда туған. Оқушы күнінде сомдаған «Менің атым Қожа» фильміндегі Қожаның бұзық та, боямасыз обращымен қаймана қазақтың жадында сақталды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымдарының кандидаты және Кинематографистер одағының мүшесі ретінде ұлттық өнер мен ғылымның дамуына зор үлес қосты.
Актердің дүниеден өтуіне байланысты ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі марқұмның жақындары мен барша халыққа көңіл айтты.
«Нұрлан Санжарұлы – қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан тұлға. Ол өз ғұмырын шығармашылыққа, ұлттық руханиятқа арнап, кейінгі ұрпаққа өнеге болатын мол мұра қалдырды. Өнерсүйер жұртшылыққа әлі күнге құндылығын жоймай келе жатқан Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» фильміндегі басты рөлімен танымал өнер иесі қазақ кино өнеріндегі дара тұлға болды. Оның экранда жасаған көркем бейнелері отандық өнер тарихында айрықша орын алады. Нұрлан Санжарұлының жарқын бейнесі, шығармашылық мұрасы мен ғибратты ғұмыр жолы халқымыздың жадында мәңгі сақталады деп сенеміз. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат, топырағы торқа болғай»,- делінген министрліктің хабарламасында.