Қазақ блогері Аружан Айбекова Өзбекстанда пранк жасаймын деп басы дауға қалды, деп Alash.kz ұлттық порталы Vaib.uz-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Оның жаңа "әлеуметтік эксперименті" Ташкент метросында түсірілген. Видеода блогер метрода бейтаныс ер адамдардың жанына отырып, кенеттен олардың қолын ұстаған немесе тізесіне тиген сәттері көрсетіледі. Автор бейнероликке ешқандай түсіндірме қоспағандықтан, көрермендер оның мақсатын түсінбей қалған.
Өзбекстандық желі қолданушылары бұл әрекетке ашу білдірді. Жергілікті БАҚ атап өткендей, Ташкентте қоғамдық көліктерде сексуалдық қол сұғушылық мәселесі – әзіл немесе пранкке айналдыруға болмайтын өте өзекті тақырып.
"Аптасына бір рет болмаса да, ер адамдардың қоғамдық көлікте әйелдерге қатысты орынсыз әрекет жасағаны туралы хабарлар тарайды. Белсенділер мен құқық қорғаушылар қауіпсіз орта қалыптастыру үшін күресіп жүр –бейнекамералар орнату мен жолаушыларға мінез-құлық ережелерін түсіндіруді талап етуде. Осындай жағдайда Айбекованың пранкі – өзгенің күйзелісін әжуалаумен тең. Метро мен автобуста расымен харассментке ұшыраған әйелдер үшін бұл видео күлкілі емес", – деп жазды басылым.
Сондай-ақ, БАҚ мәліметінше, блогерге әкімшілік жаза қолданылуы мүмкін. Өйткені Өзбекстанда қоғамдық орындарда арандатушылық әрекет жасаған блогерлерді бұрын да 5 тәулікке дейін қамауға алу жағдайлары тіркелген.