Әйелі тарапынан «педофил» деп айыпты болған блогер Қолғанат Жұмабаев журналиске сұхбат беріп, халықтан кешірім сұрады. Сонымен қатар, қыздарға деген ешқандай жаман ойы болмағанын, әрекеті де "ағалықтан" туғанын айтып ақталды, деп хабарлайды Alash.KZ.
Блогер журналист Руслан Өтепбайға сұхбат беріп, өзінің бұл дауға еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Ол сұлулық салонын ашып, балалармен бірге видео түсірген. Өзінің хабарлауынша, о баста мұндай контент жасауды әйелі Құлпынай ұсынған.
«Осы мәселенің анық-қанығын шешкім келеді. Мен ондай адам емес екенімді және ол қыздардың да мұндай қылықтары жоқтығын халыққа айтқым келеді. Құлпынай мені жаман адам, педофил деп көрсетіп жатыр ғой», - дейді өзін ақтағысы келген блогер.
Сонымен қатар, блогер қыздармен құшақтасып түсірген видеосы үшін қымсынбайтынын жеткізді. Бұл әрекеті ешнәрсені білдірмейді. Тіпті қыздарға да «ағалық» хаттар жолдаған.
«Олар мені аға деп құрметтеп, сыйлап тұрғаннан кейін неге ағалық ақылымды айтпасқа? Басқалары мені солай қабылдап қалып жатыр. Бірақ мені қаншама жылдан бері танитындар бар. Жаман атым ешқайда шықпаған болатын», - дейді блогер.
Блогер өз сұхбатында әйелі Құлпынайдың сөзін жоққа шығарып, халықтан кешірім сұрады. Қайта әйелінің бұл іс-әрекетін түсіндірмек болды. Оның айтуынша, әйелінің бұлай даурығуына баласының денсаулығы мен алған қарызы себеп болуы мүмкін.
«Халықтан кешірім сұраймын. Он жыл бойы қаншама контент жасадым. Ешқандай арам ойым жоқ. Сіздер ондай бағытта қабылдап жатсаңыздар кешірім сұраймын. Білмей жатып, ғайбат айтпай, бірінші анық-қанығын біліп алыңыздар дегім келеді. Бұл ісім үшін кешірім сұраймын. Бірақ аға ретінде сыйлап тұрған соң, өзімді аға ретінде көрсетіп, солай жазған, түскен суреттерім болды. Мойындаймын. Бірақ осындай шу шығады деп ойламадым. Бірақ арамызда бала бар. Баламды қатты жақсы көремін», - дейді ол.
Еске сала кетейік, блогер Құлпынай Калменова таратқан видеода күйеуінің WhatsAPP-та екі кішкентай қызды «Айшам» және «Тырысқағым» деп сақтап қойғанын байқауға болады.
Айта кетерлігі, Құлпынай Калменова осыған дейінгі жазбаларында ұлының шала туғанын айтып, гидроцифилия, рахит, кеуденің қисаюы, сүйек кемігінің биопсиясы сияқты ауру түрлеріне шалдыққанын жеткізді.
«Ұлымның әкесі осы жүгіріп жүргенімді біледі, бірақ еміне деп бір тиын қосқан емес. Уайымдап жылағанымды да көрді. Оған бала керек емес», - дейді Құлпынай Калменова.