Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Жетімдер үйінен асырап алған 8 бала тағы әкесіз қалды". Жол сақшысы Ғалым Арыстанбаевтың қазасына көпшіліктің қабырғасы қайысты

11:54, 18 тамыз 2024 1140
Әлеуметтік желі қолданушысы Ербол Жанатұлы жол-көлік оқиғасынан қаза тапқан жол сақшысы, 11 баланың әкесі Ғалым Арыстанбаев жайлы жазба жариялап, марқұмның адами болмысын, кісілік қасиеті жайлы тебіренді, деп хабарлайды  Alash.KZ ұлттық порталы.
 
Әлеуметтік желі қолданушысы Ербол Жанатұлы Жетімдер үйінен асырап алған 8 баланың әкесіз қалғанын мәлімдеді:
Жетімдер үйінен асырап алған 8 тағы да әкесіз қалды.
Жамбыл облысында көлік апатынан екі полицейдің мерт болғанын естіп те жатқан шығарсыздар, алдыңғы постта біз де жаздық. Сол екі тәртіп сақшысының бірі - патрульдік полиция батальонының инспекторы Ғалым Арыстанбаев. Жай ғана инспектор емес, кең жүректі, мейірімді, есімін үлкен әріппен жазуға лайық АДАМ! Үш ұлының артынан қыз сүйгісі келген Ғалекең балалар үйінен бір қыз бала асырап алмақ болған ғой. Сол ниетпен балалар үйінен бір қыз баланы алып жатса, бір анадан туғандай тату-тәтті тұратын бөбектер оны қимай, жылап-еңіреп, етегіне жабысыпты. Оны көрген Ғалым ағамыз бұларды бір-бірінен айырмайық деп, сегізін бірдей асырап алыпты.
Балалардың ұлттары да әртүрлі: әзербайжан, өзбек, орыс, қытай. Бірақ олардың барлығы да қазақ тілінде сөйлеп, қазақ мектебінде білім алады. Жары Әлия — педагог маман, алайда үйде балалардың тәрбиесімен айналысады. 5 ұл мен 6 қыздан құралған 11 балалы Арыстанбаевтар отбасы облыстық «Мерейлі отбасы» конкурсының жеңімпазы атанып, республикалық байқаудың финалисі болған.
Автор мұнымен қоса полиция инстпекторының «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары қатарына енгенін хабарлап, еңбек жолындағы жарқын жылдарын сөз етті:
Сонымен қатар полиция инспекторы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары қатарына енген. Көзінің жасы енді құрғап, отбасылық жылуды, асқар таудай әкенің мейірімін көріп, көңіліне шаттық ұялаған шағында асыранды 8 бөбек тағы әкесіз қалды. Бұл өмірдің заңдылықтарына кейде таңғаласың! Құдіретті күштер бар болса, осындай дархан болмысты пендесін бәлесінен қағып, 11 көбелектің қанаты қатайғанша, панасында, аманшылығында сақтауы тиіс еді ғой. Кейде барлық жақсылық туралы заңдылықтарды "ЖЫҒЫЛҒАНҒА ЖҰДЫРЫҚ" деген кесір жеңіп кетеді де тұрады, - деді автор.
Еске сала кетейік, кеше Меркі ауданына қарасты Тәтті ауылының маңында Тoyota Alfard минивені мен Skoda-Octavia полиция көлігі бетпе-бет соқтығысып, минивэн өртке оранды. 25 жастағы Тойота Альфард автокөлігінің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып, Шкода Октавия патрульдік полиция көлігімен соқтығысқан.

Оқиға салдарынан екі полиция қызметкері және Toyota Alfard көлігінің төрт жолаушысы көз жұмды. Тағы төрт адам ауруханаға жеткізілді.

Жамбыл облысындағы 6 адамның өмірін қиған жол-көлік апатынан қаза тапқан полицейдің бірі “100 жаңа есім” жобасының екінші кезеңінің жеңімпазы, 11 баланың әкесі 46 жастағы Ғалым Арыстанбаев екені мәлім болды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар