Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Біздің күшіміз – бірлікте»: Ислам Байрамуков Шайдоров мәселесіне қатысты пікір білдірді

14:25, 31 мамыр 2026

Еркін күрестен Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың жалақысы төңірегінде туындаған дауға қатысты пікір білдірді, деп жазады Alash.kz. 

Ол спортшының елге 32 жылдан кейін алтын медаль сыйлаған тарихи жетістігін жоғары бағалай отырып, қаржылық мәселені ушықтырмай, сабырмен және заң аясында шешуге шақырды.

Ардагер спортшы мәнерлеп сырғанаушының табысын Қазақстан үшін үлкен мақтаныш екенін атап өтті:

Бұл – үлкен еңбектің нәтижесі. Бүкіл халық осы жеңіске қуанды, болашағынан зор үміт күтеді. Михаил Қазақстан спортының мәртебесін көтерді. Алайда қазір осы мәселе төңірегінде әртүрлі пікір айтылып жатыр.

Спорт саласындағы көпжылдық тәжірибесіне сүйенген Байрамуков бұл жағдайдан ешқандай трагедия жасаудың қажеті жоқ деп есептейді:

Тәртіп бар жерде ғана жүйе жұмыс істейді. Сондықтан мұнда аса күрделі мәселе көріп тұрған жоқпын. Мұны сабырмен отырып шешуге болады.

Сонымен қатар ол мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржының қатаң бақылауда болуы заңдылық екенін еске салды:

Спортшылар жеңіспен оралғанда оларға құрмет көрсетеміз. Бірақ бөлінетін қаржының бәрі халықтың қаражаты екенін ұмытпау керек. Егер қаржы бақылаусыз таратылса, кейін оның жұмсалуына қатысты сұрақтар туындайды.

Байрамуков қазіргі Туризм және спорт министрлігінің атқарып жатқан жұмысына оң баға беріп, қазіргі таңда атлеттерге жақсы жағдай жасалып жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, салаға бұрынғы кәсіби спортшылардың келуі жас буынға үлкен септігін тигізбек.

Олимпиада жүлдегері сөзін қорытындылай келе, жұртшылықты мәселені саясиландырмауға шақырды:

Бұл жағдайды саясиландырудың қажеті жоқ. Ел бірлігін сақтап, спортшыларды қолдауымыз керек. Барлығы заң аясында дұрыс шешіледі деп сенемін.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар