Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Тау жынысы опырылып, қызметкерді басып қалған». Қаралы хабар: KAZ Minerals шахтасында адам өлімі тіркелді

11:54, 31 мамыр 2026

KAZ Minerals шахтасында тағы бір жұмысшы қаза болды, деп хабарлайды Alash.kz.

«Шығыстүстімет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты Артемьев шахтасында қайғылы жағдай орын алып, кәсіпорын жұмысшысы мерт болды. Кен орнындағы апат 30 мамыр күні кешкі сағат 20:30 шамасында тіркелген. Алдын ала мәлімет бойынша, жер астында тау жынысы опырылып, онда қызмет етіп жатқан қызметкерді басып қалған. Қазіргі уақытта аталған учаскедегі барлық өндірістік жұмыстар толықтай тоқтатылды.

Компания әкімшілігі оқиғаның себептері мен мән-жайын зерттеу үшін арнайы тексеріс басталғанын мәлімдеді. Сонымен қатар басшылық қаза тапқан кеншінің жақындарына қажетті материалдық және әлеуметтік көмек көрсетілетінін жеткізді.

Соңғы уақытта «KAZ Minerals» өндіріс орындарында адам өлімімен аяқталатын оқыс оқиғалар жиілеп кетті. Тек ағымдағы жылдың 9 мамырында шаң және желдету қызметінің механигі жөндеу жұмыстары барысында 9 метрлік биіктіктен құлап, алған жарақаттарынан қайтыс болған еді. Ал 27 сәуір күні осы компанияның иелігіндегі Орлов шахтасында да тау массасы құлап, екі кеншіні басып қалған болатын. Салдарынан бір жұмысшы оқиға орнында көз жұмса, екіншісі түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар