Журналист Жазира Бегалы әлеуметтік желіде өзіне түскен ерекше өтініш туралы айтып берді. Оның сөзінше, Ақтауда тұратын әйел қайтыс болған жұбайымен некесін заңдастыру мүмкіндігі бар-жоғын сұрап хабарласқан, деп жазды Alash.kz.
Журналист алғашында өтініштің мәнін түсінбей қалғанын айтады. Әйел марқұм күйеуімен некені ресми тіркеп беру жолдарын сұрап, тіпті қызмет ақысын төлеуге дайын екенін жеткізген. Алайда Жазира Бегалы оған қайтыс болған адаммен некені заңдастыру заң жүзінде мүмкін емес екенін түсіндірген.
Кейін әйел өзінің жағдайын баяндаған. Оның айтуынша, өзі Өзбекстаннан көшіп келген, екі баласы бар. Күйеуі тірі кезінде некелері ресми тіркелмеген. Сонымен қатар әйелдің Өзбекстан азаматы ретіндегі төлқұжатының мерзімі өтіп кеткен.
Жазира Бегалының сөзінше, кейбір адамдар әйелге Қазақстан азаматтығын алу үшін бұрынғы жұбайымен некені заңдастыруға кеңес берген. Сондай-ақ оған азаматтық алу мақсатында некеге тұру туралы ұсыныс жасаған адамдар да болған.
Осыған байланысты журналист мерзімі өткен төлқұжат мәселесін шешудің заңды жолдарын түсіндірді. Оның айтуынша, мұндай жағдайда шетел азаматы өз елінің елшілігіне жүгініп, арнайы сертификат ала алады. Бұл құжат иесіне ел шекарасынан бір рет өтіп, отанына барып жаңа төлқұжат рәсімдеуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Жазира Бегалы Қазақстан азаматына тұрмысқа шығу арқылы азаматтық алуға болатынын, алайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес шетелдік азамат жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алу үшін кемінде үш жыл некеде болып, Қазақстан аумағында тұрақты тұруы қажет екенін еске салды.
Журналист азаматтарды құжат мәселесін делдалдар арқылы емес, заңды тәртіппен шешуге шақырды.