Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова қызы Мерейдің болашағына қатысты ұстанымын айтып, оған қомақты қаржылық мұра қалдыруды жоспарламайтынын мәлімдеді, деп жазды Alash.kz.
Әншінің айтуынша, ол қызына жастайынан өз еңбегімен табыс табудың маңызын түсіндіріп келеді. Сондықтан Мерей үшін арнайы қаржы жинамайтынын жасырмаған.
«Саған менен ақша қалмайды деп айтып келемін. Оқыттым, бірнеше тіл білесің. Аударма жаса, өзің ақша тап. Өзіңе керек қаражатты өз еңбегіңмен табуың керек», – деді өнер иесі.
Мақпал Жүнісова қазіргі таңда тұрып жатқан баспанадан басқа айтарлықтай мұра қалдырмайтынын атап өтті. Оның сөзінше, қажет болған жағдайда қызы бұл үйді сатып, өзіне қолайлы баспана ала алады.
Әнші баланың өмірде өз күшімен жетістікке жетуі маңызды екенін айтып, еңбекқорлық пен дербестікке тәрбиелеуді басты қағида санайтынын жеткізді.