Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Куба Республикасының вице-президенті Сальвадор Вальдес Месамен кездесті, деп жазады Alash.kz.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Кубаның Еуразиялық экономикалық одақпен ынтымақтастығының маңыздылығына тоқталып, Қазақстанның цифрландыру саласындағы тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін айтты. Атап айтқанда, электронды үкіметті дамыту және жасанды интеллект технологияларын экономикаға енгізу бағытындағы отандық тәжірибе ұсынылды.
Өз кезегінде Сальвадор Вальдес Меса Куба Президенті Мигель Диас-Канельдің сәлемін жеткізіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға дайын екенін мәлімдеді.
Тараптар сондай-ақ медицина, фармацевтика, кәсіпкерлік және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесу қорытындысында Қазақстан мен Куба арасындағы өзара тиімді серіктестікті одан әрі дамытуға ерекше назар аударылды.