Enigma дауысы, әлемдік этно-хиттер және қала төріндегі open-air: Алматыда The Spirit of Tengri фестивалі өтеді, деп жазады Alash.kz.

7 маусым күні Алматыдағы Абай алаңында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен халықаралық The Spirit of Tengri заманауи этникалық музыка фестивалі өтеді. Іс-шараға қатысатын арнайы қонақтардың бірі - Andru Donalds. Ол - композициялары дүние жүзіне кеңінен танылып, бірнеше буынның музыкалық мәдениетіне айналған Enigma жобасының вокалисі.

The Spirit of Tengri - Орталық Азиядағы жыл сайын мыңдаған көрермен жиналатын ең ірі музыкалық open-air фестивальдердің бірі. Фестиваль заманауи этникалық музыка, world music, ethno fusion және ұлттық әуен мен қазіргі музыкалық бағыттар үндескен түрлі жанрларды ұсынатын, әлемнің әр түкпірінен келген орындаушылардың басын қосады.

Әр жылдары фестиваль сахнасында Еуропа мен Азияның танымал әртістері мен музыкалық ұжымдары өнер көрсетті. Жоба мәдени байланыстарды нығайтып, этникалық музыканы насихаттайтын әрі заманауи музыкалық бастамаларды қолдайтын маңызды алаңға айналды.
Биыл фестиваль аумағында демалыс аймақтары, Ethno Market, foodcourt, интерактивті және серіктестердің алаңдары жұмыс істейді. Фестиваль кеңістігі сағат 12:00-де ашылып, ал кешкі музыкалық бағдарлама 18:00-де басталады.

Ұйымдастырушылар қазақстандық орындаушыларды қолдауға және заманауи этно-сахнаны дамытуға ерекше мән береді. Биыл фестиваль аясында алғаш рет этно, фолк және contemporary world music жанрларында өнер көрсететін отандық музыканттар мен топтарға арналған open call ұйымдастырылады. Өтінімдер фестивальдің ресми сайтында 26 мамыр мен 1 маусым аралығында қабылданады.

The Spirit of Tengri фестивалі Алматыда алғаш рет 2013 жылы өтті, содан бері ол Орталық Азиядағы ең елеулі мәдени оқиғалардың біріне айналды. 2026 жылы фестиваль халықаралық деңгейде мойындалып, bema! сыйлығының «Халықаралық фестиваль» номинациясында жеңіске жетті.
bema! Best Experience Marketing Awards – оқиғалық маркетинг пен коммуникациялар (event marketing және experience marketing) саласындағы халықаралық сыйлық әрі фестиваль.
Өтетін күні: 2026 жылғы 7 маусым
Өтетін жері: Алматы, Абай алаңы
Кіру тегін!!!