Алмасбек Садырбай өзіне тағылған айыптарға қатысты пікір білдірді, деп жазды Alash.kz.
1,2 миллиард теңге жымқырды деген күдікпен тергеліп жатқан Алмасбек Садырбай журналистермен қысқаша тілдесіп, өзіне қатысты қозғалған іс бойынша пікірін айтты.
Ол The Qazaq Times тілшісіне берген сұхбатында қылмыстық істің көлемі өте ауқымды екенін атап өтті.
– Айыптау актісінің өзі 90 беттен тұрады. Іс 500 томнан құралған. Бірақ сол материалдардың ішінде «Алмасбек Садырбай ақшаны алды» немесе «алдады» деген нақты бір сөз де, жазба да жоқ. Менің қатысым қазақ шаруаларының мемлекеттен ала алмай қалған көмегіне байланысты болып отыр. Қазір бүкіл шаруалардың алған қаражатын маған таңуға тырысып жатыр, – деді ол.
Алмасбек Садырбай өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін білдіріп, істің мән-жайы сот барысында анықталатынын айтты.
Еске салайық, бұған дейін құқық қорғау органдары Садырбайға қатысты аса ірі көлемдегі қаржы жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаған болатын. Іс бойынша түпкілікті шешімді сот шығарады.