Алматы қаласының Медеу ауданындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде кісі өлімі тіркеліп, күдікті қылмысын жасыру үшін марқұмның денесін жертөлеге тығып қойған, деп хабарлайды Alash.kz.
Полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы жағдай екі ер адамның бірге ішімдік ішуі кезінде туындаған жанжалдан басталған. Тергеу нұсқасы бойынша, 50 жастағы үй иесі асүй пышағын алып, 45 жастағы танысына өлімге әкеп соққан ауыр жарақат салған. Оқиғадан кейін күдікті із жасыру мақсатында марқұмның мәйітін өз үйінің жертөлесіне апарып жасырған.
Тәртіп сақшылары жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті азамат ізін суытпай қолға түсті. Оқиға орнын тексеру барысында қылмыс құралы болуы мүмкін зат айғақ ретінде тәркіленді.
Қазіргі таңда аталған кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.