Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіне зерттеу университеті мәртебесі берілді

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіне зерттеу университеті мәртебесі берілді

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіне зерттеу университеті мәртебесі берілді, деп хабарлайды Alash.kz.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, бұл шешім университеттің инженерлік кадрлар даярлауға, қолданбалы зерттеулерді дамытуға және өнеркәсіпті технологиялық жаңғыртуға қосқан үлесін айқындайды. ШҚТУ еліміздің жетекші өнеркәсіптік өңірлерінің бірі саналатын Шығыс Қазақстанда білім, ғылым және өндірісті тоғыстыратын орталық ретінде дамып келеді.

2025 жылы университетте ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың көлемі 4,2 млрд теңгеге жетті. Ғылыми қызметтің университет бюджетіндегі үлесі 32,6%-ды құрады. Іске асырылған 253 ғылыми жоба мен келісімшарт негізінде жүргізілген зерттеудің 188-і кәсіпорындардың тапсырысы бойынша орындалды.

Бір жыл ішінде ШҚТУ ғалымдары рейтингтік шетелдік ғылыми журналдарда 231 еңбек жариялады. Олардың жартысынан астамы Q1 және Q2 квартильдеріндегі басылымдарда жарық көрді. ШҚТУ Еуропалық одақтың Horizon Europe бағдарламасының конкурстық іріктеуінен өткен Қазақстандағы алғашқы университет атанды. Университет TiBeRIUM жобасы аясында 12 елдің 25 ұйымымен бірлесіп титан мен бериллийді зерттеп, оларды өңдеудің экологиялық тұрғыдан орнықты технологияларын әзірлеп жатыр.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында ШҚТУ-да тау-кен металлургия кешені саласындағы Академиялық және зерттеу артықшылығы орталығы дамып келеді. Орталық аясында жоғары технологиялық 10 зертхана құрылып жатыр. 2026 жылғы қазанда университетте Критикалық материалдар және орнықты металлургия институты ашылды. Институттың негізгі зерттеу бағыттары – аса маңызды металдарды терең өңдеу, өнеркәсіптік қалдықтарды қайта айналымға енгізу және қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтатын технологияларды әзірлеу.

Университет базасында Қазақстан-Неміс ғылым және технологиялар институты, VERITAS артықшылық орталығы, PROFCOAT қорғаныш және функционалдық жабындар ғылыми орталығы, Лу Бань шеберханасы және SMART Driving Technology инжинирингтік орталығы жұмыс істейді. Жаңғыртылған «Алтай» технопаркінде медициналық инновациялар кластері қалыптасып келеді. ШҚТУ ғалымдары әзірлеген имплантаттар 150-ден астам пациентті емдеуде қолданылды.

Зерттеу университеті мәртебесі ШҚТУ-дың академиялық дербестігін кеңейтуге, білім беру бағдарламаларын ғылыми жетістіктер мен өнеркәсіптің сұранысына сай жаңартуға, сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға және өндіріске енгізуге мүмкіндік береді.

Университеттің бес жылдық даму бағдарламасы жетекші шетелдік ғылыми орталықтармен бірлескен зертханалар ашуды, зерттеулерге ғалымдар мен қосымша қаржы тартуды және ел үшін басым бағыттар бойынша жаңа ғылыми мектептер қалыптастыруды көздейді. Бұл жұмыс өңір кәсіпорындарын технологиялық жаңғыртуға және жас зерттеушілердің Қазақстанда ғылыми қызметпен айналысуына жағдай жасауға бағытталған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
Жарнама
Соңғы жаңалықтар