Астанада ЮНЕСКО қатысуымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің бастамаларын іске асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Alash.kz.
Астанада дінаралық ынтымақтастық, рухани-мәдени мұраны сақтау және білім беруді дамыту мәселелеріне арналған халықаралық дөңгелек үстел өтті.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, іс-шараны Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы мен ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Өңірлік кеңсесі бірлесіп ұйымдастырды.
Жиынға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, дипломатиялық корпустың, діни бірлестіктердің, ғылыми және сарапшылық қауымдастықтың өкілдері қатысты.
Қатысушылар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары мен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі қорытындысында қабылданған 2025 жылғы Астана бейбітшілік декларациясының ережелерін іс жүзінде жүзеге асыру жолдарын талқылады.
Діни салада жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану, экологиялық ағарту және рухани-мәдени мұраны сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесуде Халықаралық рухани білім онлайн-орталығы мен еліміздің тарихи және діни нысандары туралы мәліметтерді сақтап, көпшілікке танытуға арналған Қазақстанның киелі жерлерінің интерактивті картасы жобасы таныстырылды.
Сондай-ақ қатысушылар жастар мен діни қауымдастықтарды тарта отырып, бірлескен білім беру бағдарламаларын, цифрлық жобалар мен экологиялық бастамаларды, соның ішінде «Таза Қазақстан» аясындағы жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастырды.