Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

09:59, 31 мамыр 2026

31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні, деп жазады Alash.kz. 

Тәуелсіздік жолында жазықсыз жапа шеккендер мен нәубет жылдарында ажал құшқан бабаларымыздың рухы мәңгі есімізде. Бүгін - ел бостандығы үшін күрескен ұлт зиялылары мен ашаршылық қасіретінен опат болған отандастарымызды терең қайғымен еске алып, олардың рухына тағзым ететін күн.

Кеңес үкіметінің 1920 жылдары жүргізген мәжбүрлі ұжымдастыру саясаты қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан көшпелі өмір салтын түбегейлі тоқтатып, миллиондаған мал басының тәркіленуіне әкеп соқты. Бұл реформаның алғашқы ауыр зардабы ретінде 1921–1922 жылдары жаппай аштық тіркеліп, 1 миллионға жуық отандасымыз қырылды. Арада онжылдық өтпей жатып басталған 1930–1933 жылдардағы екінші ашаршылық толқыны тіпті жойқын болды. Ресми мәліметтер бойынша, бұл нәубетте 2 миллионнан астам адам ажал құшты, ал кейбір зерттеушілер шынайы шығын көлемі бұл көрсеткіштен әлдеқайда жоғары екенін дәлелдеп отыр.

Ашаршылық зардабы шегілмей жатып, елді 1937–1938 жылдардағы жаппай саяси қуғын-сүргін толқыны шарпыды. Алғашқы кезеңде, яғни 1921–1954 жылдар аралығында «халық жауларын» іздеу науқанымен Қазақстанда 100 мың адам сотталып, оның 25 мыңы ату жазасына кесілген болатын. Алайда, жалпы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 1937–1954 жылдар аралығында республика бойынша сотталғандардың жалпы саны 3,7 миллион адамға жетіп, оның 640 мыңы өлім жазасына бұйырылған. Осы үлкен топтың ішінде тікелей саяси айыптармен 103 мың адам сотталып, 25 мыңы атылған, сондай-ақ 650 мемлекет және қоғам қайраткері жазықсыз құрбан болды. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Тынышбаев, Міржақып Дулатұлы, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендияров сынды Алаш арыстары осы репрессияның құрбаны болып кетті.

Қазақстан аумағы КСРО-дағы лагерьлер жүйесінің (ГУЛАГ) ең ірі орталығына айналды. Республикада АЛЖИР, Степлаг, Карлаг сияқты ірі түзеу мекемелерін қосқанда жалпы саны 11 лагерь жұмыс істеді. Бұл концлагерьлерде 2 миллионға жуық тұтқын азап шекті. Сонымен қатар, репрессия жылдарында Қазақстан лагерьлеріне жалпы есеппен 5 миллионнан астам адам жер аударылса, тағы 5,6 миллион адам ел аумағына күштеп көшірілді. Кейбір дереккөздер тұтқындардың шынайы саны бұл көрсеткіштерден әлдеқайда көп болғанын нақтылайды.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында фашистік концлагерьлерге түскен қандастарымыздың нақты саны әлі толық анықталған жоқ. Отандық ғалымдардың есебі бойынша, майдан даласындағы әрбір 5,4 Қызыл Армия сарбазының бірі жау қолына тұтқынға түскен. Тұтқынға алынған 128 мыңнан астам қазақ сарбазының 80 мыңнан астамы лагерьлерде көз жұмып, соғыс аяқталғанша 47 мыңнан астамы ғана тірі қалды. Олардың ішінен 23 143 қазақстандық елге қайтарылғанымен, қалғандарының тағдыры белгісіз күйде қалды. Зерттеулерге қарағанда, олардың бір бөлігі АҚШ пен Ұлыбритания билігінің көмегімен өзге мемлекеттерге жөнелтілсе, кейбірі Батыс одақтастары КСРО-ға тапсыру барысында кеңес әскерлері тарапынан оқиға орнында атылған, ал қалғандары тасымалдау кезінде қаза тапқан. Бұл үдеріс тоталитарлық үкіметтің соғыстың алғашқы күндерінен бастап әскери тұтқындарды жазалауға бағытталған заңнамалық актілерді қабылдауымен тұспа-тұс келді. Мәселен, соғыс басталғаннан кейін бір аптадан соң, 1941 жылдың 28 маусымында НКВД, НКГБ және КСРО прокуратурасы И. Сталиннің тікелей нұсқауымен «Отанын сатқындарды және олардың отбасын жауапкершілікке тарту тәртібі туралы» бірлескен бұйрық шығарды. Осы құжаттың негізінде еліне оралған кеңестік әскери тұтқындар «халық жауы» деп танылып, ату жазасына кесілді, ұзақ мерзімге түрмеге жабылды және өзге де ауыр репрессиялық шараларға ұшырады.

Саяси қуғын-сүргін жүйесінің соңғы зардаптарының бірі 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы кезінде байқалды. Көтерілісті басу үшін қала көшелеріне мұздай қаруланған 10 мыңға жуық жазалаушы әскер, 16 мың жұмысшы жасақшылары, жүздеген милиция көліктері, өртсөндіру техникалары, БТР және арнайы автобустар шығарылды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі комиссиясының анықтамасына сәйкес, ІІМ мен ішкі әскер бөлімдері тәулік бойы 421 бағыт бойынша патрульдік қызмет атқарды. Қақтығыстар барысында наразылық білдірушілер тарапынан 155 автокөлік бүлінген, оның ішінде құқық қорғау органдарының 23 көлігі өртелген. Ішкі істер министрлігінің ресми есептеріне сәйкес, оқиға кезінде 8 мыңға жуық адам қамауға алынып, 2 401 азаматқа қатысты арнайы іс қозғалды. Тізімге ілінгендердің барлығы оқу орындары мен жұмыстарынан шығарылып, комсомол және партия қатарынан шеттетілді. Әкімшілік жазамен (15 тәулікке дейін) 707 адам жазаланса, ауыр қылмыстық айыптармен 99 адам сотталды, олардың ішінде 23 бойжеткен мен кәмелетке толмаған 5 жасөспірім болды. Қақтығыстарда жараланғандардың саны 1 233 адамды құрады, ал қаза тапқандардың нақты саны бүгінгі күнге дейін беймәлім қалып отыр.

Ел Тәуелсіздік алғаннан кейін жазықсыз жапа шеккендерді ақтау және тарихи әділдікті қалпына келтіру мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналды. 1993 жылы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» арнайы Заң қабылданды. Ал, 31 мамыр 1997 жылы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болып белгіленді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне байланысты үндеу жасады

«Біз жыл сайын 31 мамыр күні өткен ғасырдың бірінші жартысында саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған адамдардың рухына тағзым етеміз. Оларды жадымызда сақтау, заңдылық қағидаты мен әділдік құндылықтарына адал болу – біздің қастерлі борышымыз.

Қазақстанда барша азаматтың құқықтары мен бостандықтарын жан-жақты қорғау үшін жүйелі түрде жағдай жасалып жатыр. Мемлекетіміздің осы міндеті 15 наурыздағы жалпыұлттық референдум кезінде қабылданған Конституцияда заң жүзінде бекітілді. Біз бір қоғам болып, озық ойлы ел құру жолына бет бұрдық. Бұл – елімізде Әділдік, Заңдылық, Отаншылдық, Еңбекқорлық, Табиғатқа сүйіспеншілік қағидаттары айрықша маңызға ие болады, сондай-ақ, ғылымды, жоғары технологияларды, мәдениетті және еріктілер қозғалысын дамытуға баса мән беріледі деген сөз.

Қазақстанның болашағы әрдайым жарқын болмақ! Мен бұған кәміл сенемін», - делінген үндеуде.    

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар