Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Жаныма бататын тақырыпты қозғай берді… Жыладым»: «Super Star KZ» қатысушысы мәлімдеме жасады (ФОТО)

15:40, 19 қыркүйек 2026

Жас әнші, «Super Star KZ» жобасының қатысушысы Ажар Назар жобадан кейін әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеме жасап, түсірілім алаңында орын алған ауыр жағдайлар мен психологиялық қысым туралы айтып берді, деп хабарлайды Alash.kz.

Жас өнерпаздың сөзінше, бағдарлама эфирге шыққанымен, кадр сыртында көрерменге көрсетілмеген көптеген жайттар қалған. Ол жоба барысында өзіне қойылған сұрақтардың 90 пайызы эфирден қиып тасталғанын, ал ол сұрақтар іштей еркін өнер көрсетуге үлкен кедергі келтіргенін жеткізді.

«Иә, камералардың артында болған жағдайларды ешкім білмейді. Маған неше түрлі сұрақтар қойылды, бірақ олардың 90% эфирге кірмеді... Шынымды айтсам, сол сұрақтар өз-өзімді еркін сезінуіме іштей кедергі жасады. Әлі де сол күнді ойлап, мазасызданамын. Менің ойымша, осындай үлкен қысымға қарамастан, мен жақсы нәтиже көрсете алдым», — деп жазды ол.

Сондай-ақ Ажар Назар жоба ұйымдастырушылары тарапынан өзінің ең жанына батыратын жеке тақырыптары қозғалғанын және жас ерекшелігіне қарамастан ауыр сындарға тап болғанын ашық айтты. Ол түсірілімнен кейін қатты ренжіп, көз жасына ерік бергенін де жасырмады.

«Менің ең жаныма бататын тақырыпты қозғай берді. Маған "Қыз ғой", "Бала ғой" деп ешкім қарамады. Былай айтқанда, бұл жоба жүрегімді езді. Әлі күнге дейін сол сәтті есіме аламын... Қатты жыладым, адамдарға қатты ренжідім. Бірақ түсіндім. Бұндай адамдарды өзгерте алмайсың... Мен шындықты айтуға үйреніп қалғанмын, ренжімеңіздер», — деп түйіндеді Ажар Назар.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар