Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Білім сапасы бар ма?”. Қазақстанда көбейту кестесін білмейтін жоғары сынып оқушылары бар екені айтылды

12:23, 19 қыркүйек 2026

Қазақстанда көбейту кестесін білмейтін жоғары сынып оқушылары бар

Әлеуметтік желіде жоғары сынып оқушыларының қарапайым көбейту кестесін білмеуі қызу талқыланып жатыр. Мұғалімдер арасында «10-сынып оқушысы көбейту кестесін білмейді», «8-сыныпта көбейтуді қайта үйретіп жүрмін» деген пікірлер көбейген.

Талқылауға мұғалімдердің бірінің жазбасы себеп болған. Педагогтің айтуынша, жаңа мектепке ауысқаннан кейін ол 10-сыныптағы 16 оқушының 13-інен көбейту кестесін сұраған. Нәтижесінде сегіз оқушының оны толық білмейтіні анықталған.

Басқа мұғалімдер де осыған ұқсас жағдайларға тап болғанын жазған. Бір педагог 11-сыныпта физика-математика бағытын таңдаған оқушының көбейту кестесін білмейтінін айтса, тағы бірі 8-сынып оқушыларына көбейтуді қайта үйретуге тура келгенін жеткізген. Тіпті бастауыш сыныпта 10 көлеміндегі қосу мен азайтуды меңгермеген балалар кездесетіні айтылған.

Дегенмен әлеуметтік желідегі жекелеген мұғалімдердің тәжірибесін елдегі барлық оқушыға ортақ жағдай деп қарастыруға болмайды. Алайда ресми мониторинг нәтижелері де оқушылардың математикалық сауаттылығында мәселе барын көрсетеді.

2025 жылғы білім алушылардың білім жетістіктерін мониторингілеу қорытындысында математикалық сауаттылық бойынша орташа нәтиже 52,9 пайыз болған. Ал PISA-2022 зерттеуінде Қазақстандағы 15 жастағы оқушылардың 50 пайызы ғана математикадан ең төменгі функционалдық деңгейге жеткен. Оқу сауаттылығында бұл көрсеткіш 36 пайызды, жаратылыстанудан 55 пайызды құраған.

Мұғалімдер білім сапасына қатысты мәселені қағазбастылықпен де байланыстырып отыр. Олардың сөзінше, сабақтан бөлек жоспар, мониторинг, талдау және түрлі әкімшілік есептерге көп уақыт жұмсалады.

Осылайша, әлеуметтік желідегі пікірталас оқушылардың бастауыш сыныпта меңгеруі тиіс негізгі дағдыларды толық игермей, жоғары сыныпқа қалай өтіп жатқаны туралы мәселені қайта көтерді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар