Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық құрылыс» инфрақұрылымдық жаңғырту бағдарламасына бөлінген қаржының жұмсалуын қадағалайтын мемлекеттік комиссия құрамын бекітіп, тиісті Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Alash.kz.
Жаңадан құрылған мемлекеттік комиссияның басты міндеті – бағдарлама аясындағы жобалардың уақтылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ бюджеттік тәуекелдер мен қаражаттың тиімсіз жұмсалуына тосқауыл қою. Мамандар бағдарламаны жүзеге асырудың ең алғашқы сатысы – жоспарлау мен қаржы бөлуден бастап, нысандарды нақты пайдалануға тапсырғанға дейінгі барлық кезеңді тұрақты бақылауда ұстайды.
Сонымен қатар комиссия мүшелері мемлекеттік сатып алулардың мерзіміне, құнына және заңдылығына мониторинг жүргізіп, тәуекелі жоғары жобаларды анықтайды әрі анықталған кемшіліктерді жоюға бағытталған шаралар әзірлейді. Жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Президентіне тоқсан сайын және жыл соңында есеп беріледі.
Жарлыққа сәйкес, мемлекеттік комиссияның жұмыс органы болып Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы айқындалды. Ал комиссия құрамына уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары, Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, журналистер, қоғам қайраткерлері, сарапшылар, сондай-ақ өңірлер мен бизнес қауымдастығының өкілдері кірді.
«Халықтық құрылыс» инфрақұрылымдық жаңғырту бағдарламасын іске асыруға бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның ҚҰРАМЫ