Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Ташкент ауасының ластануына Қазақстанның қатысы бар ма?»: «Қазгидромет» ресми жауап берді

«Ташкент ауасының ластануына Қазақстанның қатысы бар ма?»: «Қазгидромет» ресми жауап берді

«Қазгидромет» РМК Ташкенттегі ауа сапасының нашарлауына Қазақстан аумағынан келген шаңды ауа массалары себеп болды деген Өзбекстан бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметін ресми түрде теріске шығарды, деп хабарлайды Alash.kz.

Синоптикалық талдау нәтижелері көрші ел астанасындағы ауаның ластануына Қазақстанның ешқандай қатысы жоқ екенін дәлелдеген. Бұл ғылыми қорытындыларды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдарымен қатар, Ресейдің «Росгидромет» және Беларусьтің «Белгидромет» сарапшылары да ресми шешімдерімен растап отыр.

Мамандар 2026 жылғы 15–22 қараша аралығында Ташкент, Сарыағаш және Шымкент аумақтарындағы синоптикалық ахуал мен ауа массаларының кері траекториясына кешенді зерттеу жүргізген. Есептеулер Қазақстаннан Ташкентке қарай ауа ағындарының тікелей тасымалданбағанын көрсетті. Аталған кезеңде Ташкент маңында әлсіз барикалық өріс қалыптасып, жерге жақын желдің бәсеңдеуі тіркелген. Ал атмосфераның төменгі қабаттарында Иран, Қызылқұм және Өзбекстанның оңтүстік-батыс өңірлерінен соққан оңтүстік-батыс ауа ағындары басымдыққа ие болған.

Бұған дейінгі метеорологиялық бақылаулар да Сарыағаш ауданынан Ташкент бағытына тұрақты ауа ағыны жүрмейтінін айғақтаған еді. Статистика бойынша батыс және оңтүстік-батыс ағындары 35–71 пайызды құраса, Сарыағаштан оңтүстікке қарай бағытталған солтүстік тасымалдаудың қайталануы небәрі 3–5 пайыз деңгейінде ғана байқалады.

«Өзгидромет» бюллетенінің өз деректеріне сүйенсек, 20 қараша күні PM-10 бөлшектерінің концентрациясы Бұхарада 291,9 мкг/м³, Науаида 272,2 мкг/м³, Жызақта 181,0 мкг/м³, Самарқандта 170,1 мкг/м³-ке жетсе, Ташкенттің өзінде бұл көрсеткіш 23,9–75,4 мкг/м³ аралығында болған.

Сарапшылардың түсіндіруінше, шекара маңындағы бақылау бекеттерінде тіркелген PM-10 және PM-2.5 бөлшектерінің көрсеткіштері ластаушы заттардың географиялық тұрғыда қайдан шыққанын дәлелдеуге жеткіліксіз, әрі Ташкенттегі ластану көзі Қазақстан аумағы екені ғылыми негізделмеген. Шын мәнінде, Өзбекстан астанасындағы ауа сапасына қаланың өз ішіндегі факторлар — автокөліктер, жылыту жүйелері, өнеркәсіп орындары, құрылыс жұмыстары және қолайсыз метеорологиялық жағдайлар тікелей әсер етеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
Жарнама
Соңғы жаңалықтар